Қ.Тоқаев Сингапурде жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Олимпиадалық ойындардың алғашқы қазақстандық чемпионы Жәнібек Қандыбаевты құттықтады
08:32, 23 Тамыз 2010
АСТАНА. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат - Тамыздың 21-інде Сингапурдегі олимпиадалық ауылда, Қазақстан делегациясының штабында салтанатты жиын өтіп, онда Парламент Сенатының төарғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасөспірімдер арасындағы Олимпиадалық ойындардың алғашқы қазақстандық чемпионы Жәнібек Қандыбаевты құттықтаған жеделхаты оқылды.
Құттықтауда өз өнерімен бүкіл елді және барша Қазақстан халқын рухтандырып отырған жас спортшының ерлігі ерекше атап көрсетілді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резервтер дирекциясының баспасөз қызметінен.
Сингапурде тарихта бірінші рет жасөспірімдер Олимпиадасы басталғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Тамыздың 14-26-сы аралығында өтіп жатқан Олимпиадаға қазақ елінен 48 спортшы қатысуда. Олар негізінен 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл әлемдік додада қатысушылар спорттың 30 түрінен бақ сынасуда.