Қ.Тоқаев ТМД ПА-ның Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты жиынында қазақстандықтардың ерлігін еске салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 17 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петерборда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз сөйледі.

Сенат Төрағасы ТМД-да Ардагерлер жылы болып жарияланған биылғы жылы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жан-жақты қолдау көрсету ортақ міндет екеніне парламентшілердің назарын аударды.

Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі шаралардың арнайы жоспары бекітілгенін, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығы құрметіне арналған бірыңғай мерекелік медаль туралы» Жарлыққа қол қойылғанын, бүкіл ел бойынша Қазақстан Президентінің ардагерлерді қолдау жөніндегі жалпы ұлттық шарасы өткені туралы хабардар етті. «Ең ауыр сынақ жылдарында денсаулығы мен өмірін аямастан бүкіл әлемге туған Отанымыздың қайтпас рухын паш еткен соғыс және еңбек майданының ардагерлеріне, Ленинградты қорғаушыларға біз шексіз алғыс білдіреміз. Біз, майдангерлердің балалары, өз есімдерін жеңімпаз батырлар, азат етуші жауынгерлер ретінде әлемдік жылнамаға мәңгілікке жазған әкелеріміз бен аналарымыздың алдында бас иеміз», - деді Қ.Тоқаев. Қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі туралы айта келіп, Сенат Төрағасы 1 миллион 200 мың жауынгер майданға аттанғанын, олардың жартысы айқас алаңдарынан оралмағанын айтты. Соғыстағы ерліктері үшін 528 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, олардың төртеуі бұл атаққа екі мәрте ие болды. 110 мың біздің отандастарымыз Даңқ орденімен марапатталды, олардың 100-ден астамы Даңқ орденінің толық иегері. Тыл еңбеккерлері жанқиярлық еңбегімен Жеңіс күнін жақындата түсті. «Қазақстан соғыс жылдарында жалпы одақтық қорғасынның 85 пайызын, мыстың 90 пайызын, көмірдің 8/1-ін, молибденнің 60 пайызын, полиметалдың 70 пайызын өндірді. Майдан қажетіне 6 миллион тоннаға жуық нан, 730 тоннадан астам ет өнімдері жөнелтілді», - деп атап өтті Қ.Тоқаев. Гитлершілер коалициясына қарсы жеңісте шешуші үлес қосқан тек КСРО екенін атап өте келіп, Сенат Төрағасы Ұлы Отан соғысының тарихын бұрмалаушылыққа жол берілмейтіні туралы айтты: «Қандай саяси ұмтылыс болса да, тарихи шындықты құрбан еткісі келетін ондай ұмтылыстар халықаралық жағдай мен тұтастай әлемдік тәртіп үшін теріс зардаптарға апаратын болады». Санкт-Петербургте қазақстандық парламентшілер «Естелік эстафетасы» шарасының мәрелік салтанатына қатысты. Парламентаралық Ассамблея делегациясы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап салынған мемориалды ескерткіште болды және одан Мәңгілік оттың бөлігін арнайы құтыға енгізіп алды. Салтанатты жиналыста ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттер парламенттерінің өкілдері алаулардың бөліктерін Достастықтың тұтас алауына біріктіріп, Мемлекеттік тарих мұражайының Санкт-Петербургтегі филиалы - «Ленинградтың ержүрек қорғаушыларының монументіне» жеткізілді. Санкт-Петерборда сонымен қатар, Жеңістің 70 жылдығына арналған «Біз жеңдік, өйткені біз біргеміз!» деген фотосурет көрмесі өтті және әскери оркестр қатысқан салтанатты концерт болды. Парламентаралық ынтымақтастықты тереңдету және еуразиялық ықпалдастық мәселелері Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің Төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесуінде талқыланды. Жүздесушілер парламентаралық өзара іс-қимыл стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды құрамы екендігі туралы пікір білдірді. М.Мясникович Қ.Тоқаевты Беларуське ресми сапармен келуге шақырды. Сенат Төрағасы Парламенттің заң шығару қызметімен әріптесін таныстыра келіп, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтты және «Нұр Отан» партиясының Съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жария еткен бес институттық реформалардың мазмұнына назар аударды. «Бүгінде Президент реформаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету Парламент жұмысының басты бағыты», - деді Қ.Тоқаев.