Қ. Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшыларына тиімді жұмыс үшін қажетті мәліметтер мен материалдарды ұсынуға дайын екенін жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қ. Тұрғанқұлов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар жəне адам құқықтары жөніндегі бюро миссиясының қажеттіліктерді бағалау жөніндегі мүшелерімен кездесті, деп хабарлады ҚР ОСК баспасөз қызметінен.

4 наурыз күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қ. Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының қажеттіліктерді бағалау жөніндегі мүшелері - ЕҚЫҰ/ДИАҚБ кеңесшілері: Ричард Лапин мен Радивое Груичпен кездесті.

Орталық сайлау комиссиясы басшысы халықаралық сарапшыларды ОСК-ның 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысымен таныстырды.

Ол сарапшыларды сайлаудың құқықтық базасы, сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің мерзімдері, оны ақпараттық сүйемелдеу және сайлау процесіне қатысушыларды оқыту туралы ақпараттандырды.

Сондай-ақ Қ. Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсынымдарын іске асыру жөніндегі жұмыс және Қазақстанның қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес дерлік сайлау заңнамасы дәйекті түрде жүйелі жетілдіріліп отыратыны туралы айтты.

Кездесу барысында Президенттікке кандидаттарды қолдап қол жинау процесі мен мерзімдеріне, лингвистикалық комиссия қызметінің құқықтық негіздеріне, сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту, сайлау процесіне қатысушыларды әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі ОСК-ның жұмысына, үгіт науқаны кезеңіндегі БАҚ-тың іс-әрекеттеріне, барлық кандидаттардың БАҚ-қа тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, шағымдар мен апелляцияларды беру және қарау рәсімдеріне қатысты мәселелер талқыланды.

Қ. Тұрғанқұлов сондай-ақ, халықаралық сарапшыларға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесін ұйымдастырудың барлық мәселелері мен қырлары бойынша ынтымақтастық үшін ашық екенін және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сарапшыларына олардың тиімді жұмысы үшін барлық қажетті мәліметтер мен материалдарды ұсынуға дайын екенін жеткізді.