Қ.Тұрғанқұлов Малайзия байқаушыларымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Малайзия байқаушылары делегациясымен кездесті.

Кездесуге Малайзия тарабынан осы елдің Сайлау комиссиясының төрағасы Абдул Азиз бин Мохд Юсоф, аталған комиссияның Қаржы жөніндегі басқармасының хатшысы Азмиль Хадид бин Мазнан және Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Хидаят Абдул Хамид қатысты.

Қ.Тұрғанқұлов кездесу барысында делегация мүшелерін Орталық сайлау комиссиясының президенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі қызметімен таныстырып, сайлауалды үгіт барысы және дауыс беру күніне дайындық туралы айтып берді.

Делегация мүшелері ҚР ОСК басшылығына сайлауалды шаралар жөнінде жан-жақты хабардар еткені үшін ризашылықтарын білдіріп, сайлау науқанын ұйымдастыру туралы өз әсерлерімен бөлісті және кандидаттарға үгіт қызметтері үшін тең жағдайлар жасалғанын, сондай-ақ Қазақстанның демократиялық процестері сенімді дамыған ел ретінде Орталық Азиядағы рөлі мен маңызды орнын атап өтті.