ҚР ОСК басшысы делегация мүшелерін парламенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының қызметімен таныстырды, сайлау науқанының ерекшеліктері, дауыс беру күніне дайындық туралы айтты.
«Сайлау комиссиялары дауыс беруді өткізуге материалдық, кадрлық, техникалық және ақпараттық дайын», - деп атап өтті ол.
Ресей сайлау органдарымен ынтымақтастық туралы айта келе Қ.Тұрғанқұлов: «Ресейдің Орталық сайлау комиссиясымен және Ресей өңірлерінің сайлау комиссияларымен бізде бұрыннан бері достық қарым-қатынас орнаған. Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясымен бірінші болып сайлау процесін дамыту және жетілдіру саласында ынтымақтастық және тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойғанымыз кездейсоқ емес», - деп атап көрсетті.
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі С. Шапиев Қазақстан Республикасы сайлау органдарының жоғары кәсіби деңгейін атап өтті. РФ ОСК Төрағасы В.Чуровтың атынан көп жылғы табысты ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ҚР Ортсайлауком басшысы Қ.Тұрғанқұловқа жоғарғы ведомстволық «Сайлауды ұйымдастыруда сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісін тапсырды.