Қ.Тұрғанқұлов сайлау үдерісіндегі жаңашылдықты атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ең бастысы, біз сайлаушыларға дауыс беру мүмкіндігін жасауымыз қажет. Бүгін Әзербайжаннан келген байқаушылармен кездескен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай деді.

«Сайлау учаскесіне келіп, тізімнен өздерінің аты-жөндерін таба алмаған сайлаушыларды тіркеу бойынша байыпты жұмыстар жүргіздік. Біз сайлау учаскесінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сайлау учаскелерінің арасындағы үйлесімді жұмысты жолға қойдық», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

Оның атап өтуінше, азаматтар сайлаушылар тізімінен өзінің аты-жөнін таба алмаған жағдайда сайлау учаскесінде отырып Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласады. Ал орталық өз кезегінде азаматтың тұрғылықты жерін көрсеткен анықтама береді.

«Егер бәрі сәйкес келетін болса, бюллетень беріледі. Бұл жаңалық. Біз мұны ағымдағы жылы белсенді енгізуді қолға алдық. Меніңше, бұл біздің жұмысымызға жақсы демеу болады», - деді ҚР ОСК төрағасы.