Қ.-Ж.Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы Парламент төрағаларының Бүкіләлемдік үшінші конференциясына қатысуда

СТАНА. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін БҰҰ Женева бөлімшесінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысып жатқан Парламент төрағаларының Бүкіләлемдік үшінші конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен өткен жиынның ашылу салтанатынан кейін, қазақстандық парламентшілер Танзания Біріккен Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы С.Ситаның әлемдік қауымдастықтағы елдер парламенттерінің Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара іс-қимылдарының өзекті мәселелеріне арналған баяндамасын талқылады. Сонымен қатар, Даму мақсатындағы мыңжылдық Декларациясында қамтылған жетістіктер мәселелері, демократиялы парламенттердің жаһандық стандарттарын қалыптастырудың кейбір аспектілері мен БҰҰ ынтымақтастық қадамдарын одан әрі нығайту және жетілдіру міндеттерін қарастырды.

Конференцияға қатысушылар қазақстандық делегация басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Парламенттер дағдарыс әлемінде: жалпыға бірдей игілік мүддесіне орай жаһандық демократиялық есеп беру мен жауапкершілікті қамтамасыз ету» тақырыбына арналған пікірсайыс аясында ағылшын тілінде жасаған сөзін зор ықыласпен қабыл алды.

Қ.Тоқаев өзінің мазмұнды баяндамасымен әріптестерінің назарын аймақтық ынтымақтастық, ядролық қарусыздану, діни толеранттық және басқа да өзекті мәселелерге аударды. Ол Мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыру жолдарына тоқталып, кедейшілікпен күрес, жалпыға бірдей бастауыш біліммен және гендерлік теңдікпен қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен оңтайлы шешімдерін тауып жатқанын атап өтті.

Қазақстандық Сенат басшысы халықаралық қауымдастық ауған мәселесін шешу жолындағы қадамдарын реттеп, гуманитарлық бастамалар басым бағытта болатындығына сенім білдірді. Ол сонымен қатар, форумға қатысушыларды Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағасы ретіндегі қызметімен, Қырғызстандағы ахуалды реттеу жолындағы шаралары туралы хабардар етті.

Қ.Тоқаев қатысушыларға үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы қазақстандық бастаманы ілгерілету туралы жан-жақты баяндап, Қазақстанның ұйымға төрағалығына және оның осы қызметтегі Саммитті өткізу туралы ұсынысты қоса алғандағы басым бағыттарына қызу қолдау білдірген мемлекеттердің парламентшілеріне шынайы алғысын білдірді.

Қазақстандық делегация басшысы сөз соңында қазіргі заманғы жаһандық мәселелерді реттеудегі БҰҰ маңызды рөлін атап өтіп, осы бірегей ұйымның жаһандық әлемдегі қауіп-қатерлерге қарсы тұру жолындағы біріккен күш-жігері аймақтық ұйымдардың белсенді қимылдарымен толығып отыратындығына сенім білдірді.