Қ.Жаңбыршин: Бюджет кодексіндегі «бюджет қаржысының игерілмеуі» термині нақты ұғындырылуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджет кодексіндегі «бюджет қаржысының игерілмеуі» термині нақты ұғындырылуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин мәлім етті.

«Жыл сайын Үкімет пен Есеп комитеті арасында игерілмеген бюджет қаржысы көлеміне қатысты қайшылық бар деп айтқаннан гөрі бюджет кодексіндегі аталған терминді ұғындыру дұрыс деп санаймын. Сонда бұл мәселе жойылар еді», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, жыл сайын бюджетті сапасыз жоспарлаудың нәтижесі болып табылатын көптеген қаржылық бұзушылықтар туралы фактілерді алға тартқаннан гөрі бір рет бюджетті жоспарлайтын органға жауапкершілік жүктейтін норманы заңнамаға енгізген жөн. Дәл осылай болған жағдайда көптеген мәселелер шешілер еді.

Қ.Жаңбыршиннің пайымынша, Үкімет пен Есеп комитеті республикалық бюджеттік орындалмауы туралы бірдей түсінік беруі үшін Бюджет кодексін нақтылай түсуі қажет.

«Біз республикалық бюджеттің игерілмей қалған қаражатына республикалық бюджеттен трансферт түрінде қандай да бір нақты нәтижеге қол жеткізу үшін орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік секторға бөлінген қаржы жатады деп есептейміз. Міне, олар республикалық бюджеттен бөлінді және қаржы жылының соңында аталған ақша игерілмей қалды. Дәл осы ақшаны біз республикалық бюджеттің игерілмей қалған қаржысы деп санаймыз», - деді ол.

Сонымен қатар, комитет төрағасы күзге қарай әлі күнге дейін заңнамадағы шешілмеген мәселелер жойылуы тиістігін баса айтты.

«Өткен жылы біз ортақ пікірге келген болатынбыз. Бірақ, бұл жыл оңай болмады. Дегенмен, біз бюджеттік кодекске күзде түзетулер енгіземіз деп уағдаластық. Ал одан кейін ешқандай айырмашылық болмайды», - деді Қ.Жаңбыршин.