Қ.Жұбанов 16 тіл білген екен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың тіл білімі саласындағы алғашқы профессор, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбанов 16 тіл білген екен. Бастапқыда мешіттен дәріс алып араб тілін үйренген ол кейін парсы, орыс, моңғол, чуваш, коми, гүржі, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын және неміс тілдерін де жетік меңгерген. Бұл туралы бүгін «Құдайберген Жұбанов мұрасы және түркітанудың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел барысында ғалымның ұлы Асқар Жұбанов мәлімдеді.

Еске салайық, Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай өткізілген шараға Қазақстан, Түркия мен Қырғыз елінің ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Қ.Жұбановтың ұрпақтары қатысты. «Әкеміз небәрі 38 жыл өмір сүрді, өте ерте кетті. Соның өзінде табиғаттың берген дарынының арқасында артында өшпес мол мұра қалдырды. Ол қазақ тілінің барлық саласына еңбек сіңірді. Бір таңқаларлығы, әкеміз он алты тіл білген екен. Соның арқасында еуропа, түрік тілдерін салыстырмалы зерттеу арқылы қазақ тілінің грамматикасын жасады. Сөйтіп қазақ тілінің теориялық негізін қалады», - дейді А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының профессоры Асқар Жұбанов.

Бұл ретте профессор кейінгі жастар Жұбанов мұраларын зерттеп, оның ізін жалғастырып жүргенін, ең бастысы ғалым мұрасы жаңа көзқарас тұрғысынан қарала бастағанын алға тартады.

«Халықаралық Түркі академиясы мұрындық болған бұл жиын биыл өткізіліп отырған ең алғашқы мерейтойлық шара. Жыл сайын «Жұбанов тағылымы», «Жұбановтану» атты дәстүрлі оқулар, жиындар өткізіліп тұрады. Енді еліміздің бас қаласы Астананың көшелерінің біріне әкеміздің есімі берілсе деген тілек бар. Бұл жалпы Жұбановтар әулетінің тілегі», - дейді ғалым ұрпағының бірі Қызғалдақ Жұбанова.