Кабананганың кетуі «Астананы» әлсіретті - Стоилов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 'Астана' футбол клубының бас бапкері Станимир Стоилов Португалияның 'Спортинг' командасына қарсы УЕФА Еуропа лигасы 1/16 финалы аясындағы алғашқы ойын жайлы пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын алдындағы баспасөз мәслиxатында барша қазақстандық жанкүйерлерді жаңа футбол маусымының беташарымен құттықтап, болгариялық маман "Астананың" қазіргі жағдайына тоқталды.

"Спортинг" аса тәжірибелі клуб, оның сапында кез келген сәтте гол соға алатын футболшылар бар. "Астанадан" қысқы трансферде Кабананганың кетуі команданы әлсіретті. Бұл жағдайды мен де жақсы түсінбедім. Онсыз команда қалай ойнайтынын ертең көреміз. Бұл жайлы қазір, футбол мерекесінің алдында басқа ештеңе айтқым келмейді. Ойынды көрелік, сосын бірер пікір айтуға болар", - дейді С. Стоилов.

Бұдан тыс, елордалық команданың бапкері ертеңгі ойында команда барын салатынын айтып, командаға жанкүйерлердің қолдауы өте қажет екенін білдірді.

Еске сала кетейік, ойын ертең, 15 ақпан күні 22:00-де "Астана Арена" стадионында өтеді.