Кабардин-Балқарияда қар көшкінінен қаза тапқандар саны 11 адамға жетті

МӘСКЕУ.KAZINFORM - Кабардин-Балқарияның Безенги шатқалында болған қар көшкінінен қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Тағы 6 альпинист із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы агенттік тілшісі хабарлайды.

Фото: instagram.com/ ile_alatau_nationalpark

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Кабардин-Балқар Республикасы бойынша Бас басқармасының мәліметінше, топ құрамында барлығы 33 адам болған. Оның 10-ы өздігінен төмен түскен, тағы алты зардап шегуші медициналық мекемелерге жеткізілді.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Операцияға 56 құтқарушы жұмылдырылған. Із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге Ресей ТЖМ-нің Ми-8 тікұшағы және коммерциялық тікұшақ тартылды.

Жұмыстарға таулы жер бедерінің күрделілігі, қатты жел және қар массасының қайтадан сырғу қаупі кедергі келтіріп отыр.

Қар көшкіні 6 қыркүйекте Безенги шатқалындағы Мижирги тауының баурайынан түскен.

Әлеуметтік желілерде альпинистер тобын басып қалған қар көшкінінің сәті түсірілген кадрлар тарады.

Оқиға бойынша тергеу органдары тексеру жүргізіп, адамдардың қаза болу мән-жайларын анықтап жатыр.

Бұған дейін Кабардин-Балқарияның Безенги шатқалында қар көшкіні 15 альпинистен тұратын топты басып қалғаны хабарланған еді. Екі адам қаза тауып, үшеуі эвакуацияланған, тағы он адамның тағдыры белгісіз болған.