Кабулдағы лаңкестік әрекеттен тәліптердің бір министрі қаза тапты

Фото: Фото: edition.cnn.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстандағы «Талибан» уақытша үкіметінің босқындар ісі жөніндегі министрі Халил ур-Рахман Хаккани Кабулдағы мешіт алдында болған лаңкестік әрекетте қаза тапты. Бұл туралы CNN хабарлады.

Хаккани құжаттарға қол қою кезінде жанкешті өзін-өзі жарып жібергені атап өтілді. Талибан өкілімен бірге тағы 6 адам қаза тапқан.

– Ауғанстанның босқындар ісі жөніндегі министрі Халил ур-Рахман Хакканидің жанкешті жасаған шабуылдан қаза тапқаны туралы ақпарат расталды, - делінген хабарламада.

Хаккани «Талибан» билікке оралғаннан бері Ауғанстандағы жарылыстың құрбаны болған ең жоғары лауазымды шенеунік болды. Ол 2021 жылдың қыркүйегінде Ауғанстанның босқындар ісі жөніндегі министрі болып тағайындалған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанда шенеуніктерге суретке түсуге және сұхбат беруге тыйым салынғанын хабарлаған едік.