Кабулдағы жарылыстан қаза тапқандар саны 40-тан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні Ауғанстан астанасындағы үкімет кварталына жақын маңда болған жарылыс салдарынан қаза тапқандардың саны 40-тан асты, тағы 140 адам зардап шеккен. Бұл жайлы Ауғанстанның «1 TV» телеарнасына сілтеме жасап ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады.

Арнаның хабарына қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік дирекциясы мен Үндістан елшілігі ғимараттарына жақын жерде болған. Жанкешті лаңкес жарылғыш зат қойылған жедел жәрдем машинасын жарған.

Pajhwok агенттігінің мәліметінше, болған оқиғаға жауапкершілікті «Талибан» (ҚР аумағында тыйым салынған) қозғалысы алған.

Бұрын, 20 қаңтар күні қарулы адамдар тобы Ауғанстан астанасындағы шетелдіктер арасында танымал Intercontinental Hotel қонақүйіне шабуыл жасаған. «ҚазАқпарат» ХАА сол шабуылда Қазақстанның бір азаматы қаза тапқанын хабарлаған болатын.