Ливия басшысы көтеріліске шыққандарға қаруларын тастауға шақырып, рақымшылық жариялайтынын айтты. Сонымен қатар Каддафи халықаралық қауымдастыққа үндеу жолдап, басып кіруден бас тартуға шақырды. Ливия басшысының айтуынша, егер әскерилер басып кіретін болса, Ливия халқы өз жерін барынша қорғайтын болады.
«Осы күндері менің атым шетелде жиі аталып жүр. Бұл - күлкілі жайт. Мен 1969 жылы төңкеріс жасап, билікті халыққа бергенмін. Ешқандай ішкі немесе сыртқы саясат халықтың мақұлдауынсыз жүзеге асырылмайды. Егер АҚШ немесе НАТО әскер кіргізетін болса, қанды соғыс басталып, мыңдаған ливиялықтар құрбан болады», - деді М.Каддафи.
Осы аптаның басында АҚШ пен НАТО Ливиядағы ахуал дамуының барлық нұсқасын, соның ішінде, әскери басып кіруді де қарастырып жатқанын жариялады. Пентагон әскери кемелердің Жерорта теңізі аймағынан ауыстырылғанын жеткізді. Ұлыбритания Ливия аспанына Королдік Әскери әуе күштерін енгізуге дайын екенін айтқан болатын.