Каддафи тағын ұлына босатуға әзір

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Ливия басшысы Муаммар Каддафи саяси сахнадан кетуге дайын.

MIGnews.com басылымына Росбалт агенттігінің сілтеме жасап хабарлауынша, бұл туралы Ливияның Өтпелі ұлттық кеңесінің өкілдері хабарлады. Дегенмен Каддафидің отставкасы үшін бірқатар шарттар орындалуы керек.

Біріншіден, отставка «қауіпсіз жолмен және тиісті құрмет-қошеметтермен» өтуі тиіс. Екіншіден, Каддафиге «маңызды қызмет ұсынылуы керек» және үшіншіден, билік оның ұлы -Саиф әл-Исламға берілуі керек.

Өтпелі ұлттық кеңес өкілдерінің айтуынша, көпшілік Саиф әл-Исламды «әкесінің баласы» ретінде ғана қарастырғанымен, «Ливияның қабаған төбетінен гөрі», оның ұлымен жұмыс істеген жеңілдеу болады деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Африка одағының делегациясы Триполи мен Бенгазиге қантөгісті тоқтатуды және қоршаудағы қалалардың тұрғындары үшін «гуманитарлық дәліздер» ашуды, сондай-ақ саяси тығырықтан шығатын жолды іздеу туралы тікелей келіссөз бастауды ұсынған болатын.

Ресми Ливия өкіметі Африка одағының ұсынысына оң жауап берді. Каддафи мен Африка одағы делегациясының арасындағы келіссөз бірнеше сағатқа созылды.

Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зума, елдегі жағдайды реттеу жөніндегі дипломаттардың ұсынысын Каддафидің қабылдағанын қуаттады.

Дипломаттар Ливия дағдарысын шешудің жолдарын іздестіріп жатқан кезде де Каддафи армиясы мен көтерілісші күштердің арасындағы қарулы қақтығыс бір сәт тоқтаған жоқ.