Каддафидің ұлы өлім жазасына кесілді
15:33, 28 Шілде 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ливия соты бұрынғы ливиялық көшбасшы Муаммар Каддафидің ұлы - Сейф аль- Исламды өлім жазасына кесті. Бұл туралы Al Arabiya телеарнасынан хабарлады.
Телеарна ақпаратынша, ливиялық сот Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің ұлы - Сейф аль-Исламды, сонымен қатар Каддафи басшылық еткен кезде жоғары лауазымды шенеунік болған бірқатар тұлғаларды ату жазасына кесті.
Ливияда Муамар Каддафи режіміне қарсы әрекеттер 2011 жылы ақпан айындағы «араб көктемі» оқиғаларының ықпалымен басталды. Наурыз айында 1973 жылғы БҰҰ ҚК қарарына сәйкес коалициялық күштердің Ливияға қарсы әскери операциясы басталды. 2011 жылы 20 қазанда Сирт қаласының маңында Каддафи қаза тапқан соң, Өтпелі ұлттық кеңес Ливияның оның басқаруынан толықтай босағандығын жариялады.