Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, жарысты бірінші болып, еркін күрес балуандары ашты. Аталған күрес түрінен 65 келі салмақта сынға түскен отандасымыз Бекзат Жалғасбаев алғаш болып ел қоржынына қола медаль салды. Бекзат алдымен македониялық балуанмен күресіп, 10:0 есебімен жеңсе, ширек финалда украиналық балуанды жеңді - 10:3.
Өкінішке қарай, финалға шығар жолда Бекзат ресейлік Иналбек Шериевтен 2:10 есебімен ұтылып қалды.
Ал қола медаль үшін болған белдесуде отандасымыз Грузиядан келген балуанның мысын басып (8:2) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Дәл осы салмақта Әзербайжан балуаны Тұран Байрамов әлем чемпионы болды. Финалда ол ресейлік Иналбек Шериевтен басым түсті.
Өкінішке қарай, Загребке барған еркін күрес балуандарының барлығы финалға жолдама ала алмады. Тек, төрт балуанымыз - Ардақ Ихсанов (51 кг), Яссауи Мұхтарұлы (61 кг), Исламбек Ілиясов (71 кг) және Юнус Гафуров (92 кг) ертең жұбаныш белдесулерін өткізіп, әлем чемпионатының қола медаліне таласатын болады.