Кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық палуан қола жүлдегер атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Словакияда күрес түрлерінен кадеттер арасындағы әлем чемпионатын еркін стильдегі қазақстандық палуан Қуатбек Мұхамбет (58 келі) қола жүлдені еншіледі. Бұл туралы Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының мәліметінде хабарланды.

«Қазақстандық спортшылардың арасында бірінші жарыс күнінде құрмет тұғырына Қуатбек Мұхамбет жетті. Ол «қола» жүлде үшін қиын бәсекеде Түркия өкілі Әли Каманы жеңді»,- делінген таратылған ақпаратта.

Осы арқылы Қазақстан құрамасының қоржынында бүгінде үш медаль бар. Бұдан бұрын хабарланғандай, әлем чемпионы ретінде Ернар Фидахметов (грек-рим күресі) танылса, Ирина Капитанова (әйелдер күресі) күміс жүлдені иеленді.