Кадеттер емтихан тапсыруға кірісті

None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында бітіру емтихандары басталды. Биыл Кадет корпусын 200-ден астам кадет тәмамдап шықпақ. Екі жыл бойы осы оқу орнында білім алған жас жігіттер мемлекеттік аттестаттау комиссиясына қол жеткізген кәсіби біліктіліктерін көрсетеді. Олардың отыздан астамы үздік дипломға қол жеткізеді деген нық сенім бар.

«Атыс және тактикалық даярлық бойынша мемлекеттік емтихандар өткізу үшін Кадет корпусының оқу-жаттығу орталығы дайындалды. Қару-жарақ пен әскери техниканың құрылысы, оны жөндеу мен пайдалану бойынша емтихан зертхана ғимаратында, сондай-ақ дене даярлығы бойынша спорт базасында өткізіледі. Биыл Кадет корпусынан 15 бітірушілер тобы қанат қағады. Құрылғаннан бері бұл оқу орнын 1800-ден астам кәсіпқой сержант бітіріп шығып, әскерлеріміздің сапында абыроймен қызмет атқаруда»,-делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1996 жылғы шілде айында құрылған. Осы оқу орнының қабырғасынан 1999 жылы бітіріп шыққан алғашқы түлектердің бірі - шебер-сержант Темірбек Халықов бүгінде Қарулы Күштердің Бас сержанты. Кадет корпусының өзге де түлектері әскери жоғары лауазымдарда қызмет атқаруда.

Қазіргі сәтте Қазақстан Қарулы Күштері кәсіпқой сержанттар институтын енгізу бойынша алдыңғы қатардан орын алады. Кадет корпусын құру және қалыптастыру жөніндегі Қазақстанның тәжірибесін ТМД мемлекеттерінің қарулы күштері зерделеуде. Осы мақсатта Кадет корпусына Арменияның Ресейдің, Украинаның, Беларусьтің және басқа да елдердің әскери делегациялары жиі келіп тұрады.

«Кәсіпқой сержант» түсінігін бізді бітірушілер іс жүзінде дәлелдеуде. Олар жауынгерлік даярлық бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мотоатқыштар атыс қаруының барлық түрінен ата біледі, әрқашан «жақсы» және «үздік» деген бағаларға ие болады, қаруды көзін жұмып бөлшектеп, қайта жинау оларға еш қиындық туғызбайды. Біздің түлектеріміз әскерлердегі әскери техниканы пайдалану мен жөндеуде, атыс және тактикалық даярлық кезінде үздік нәтижелер көрсетуде»,-дейді Кадет корпусының бастығы подполковник Талғат Баудинов.

Оқуды аяқтаған кадеттер «Әскери басқару» мамандығы бойынша «әскери басқарудың кіші маманы - менеджер», «В. С. санаттарының жүргізушісі», «Жауынгерлік машинаның үшінші сыныпты жүргізушісі» біліктіліктерін алып шығады.

Оқу үдерісінде кадеттер ағылшын тілін тереңдетіп меңгеріп, әскерге келіп түскенде шетелдік әскери қызметшілер қатысатын халықаралық оқу-жаттығуларда тілдік қиыншылыққа кезікпейді.

Бір уақытта Кадет корпусында 500-ге жуық кадет білім алады. 2014 жылдан бастап оқушылар санын екі есеге көбейту жоспарланған, бұл Қарулы Күштердің даярланған кәсіпқой сержанттарға қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Жылдан жылға Кадет корпусына түсуге тілек білдіргендер саны артып келеді. Қазіргі уақытта қабылдау конкурсы бір орынға 3 адамды құрайды. Бұл ретте талапкерлерге денсаулық жағдайы бойынша қатаң талап қойылады. Қабылданғанға дейін кадеттер үш рет медициналық комиссиядан өтеді.