«KADEX-2012» көрмесіне қатысуға бүгінгі күнге дейін отандық және шетелдік 230 компаниядан өтінім түсті
18:00, 09 Сәуір 2012
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктердің «KADEX-2012» атты екінші халықаралық көрмесіне әзірлік жөніндегі кеңесі өтті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған халықаралық көрме 3-6 мамыр аралығында өтеді. Ал бүгінгі кеңеске ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов жетекшілік етті.
KADEX-2012 халықаралық көрмесіне қатысу үшін бүгінгі күні отандық және шетелдік 230 компаниядан өтінім түсті. Бұл компаниялардың барлығы әскери және қосарланған өнімдер, сондай-ақ әскери күш құрылымдарына арналған мүліктер шығарумен айналысады.
Астанада 2010 жылы өткен бірінші қазақстандық көрмемен салыстырғанда қатысуға қызығушылық білдіргендер саны 30 пайызға дейін артып отыр. Көрмеге Германия, Польша, Ресей, АҚШ, Украина, Беларусь, Италия, Испания, Франция, Словакия, Түркия секілді тағы да басқа елдер қатысатыны күтіледі.