KADEX-2018: Түркиялық «Отокар» компаниясы үздік бронды машиналарын таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KADEX-2018» V халықаралық көрмесінде «Отокар» компаниясының бизнесті дамыту бойынша директоры Тамер Сиркали түркиялық әскери бронды дөңгелекті көліктердің әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрменің «Бронды дөңгелекті көліктердің қазіргі даму тенденциясы» атты сессиясында «Отокар» өкілі аталмыш компанияның әскери көліктерінің слайдтар арқылы әлеуетін паш етті. 

«Мен біздің компанияның тарихы, тәжірибесі мен өнімдері туралы айтып бергім келеді. Біздің өнімдер жыл сайын бірнеше құрлықтағы елдерге жеткізіліп тұрады. «Отокар» компаниясының жұмысы 1918 жылдан басталады. Қазіргі таңда компаниямыздың көлік саласындағы прогресіне тоқталсам деймін», - дейді Тамер Сиркали.

Оның айтуынша, компанияның тактикалық бронды көліктеріне соңғы жылдары жаңартыла өндіріліп жатыр. «Отокардың» жеңіл бронды көлігі 30 елде қолданыста. Оның ішінде Қазақстан да бар. Техниканың ерекшелігі - қыста -40 градустық суықта да мінсіз жұмыс атқара алады. Демек, әртүрлі климаттық жағдайға бейімделген. Қазіргі уақытта аталған өнімнің 4 мыңға жуығы құрастырылуда.

Тамер Сиркали атап өткендей, ««Отокар» соңғы жылдары жеңіл бронды көлікті құрастыру тұрғысынан ең үздік компания болып отыр.

«Компания құрастыратын көліктердің алдымен математикалық өлшемдері жасалады. Кейін көлік құрастырылғаннан кейін бронды көліктер мың шақырымға дейін сынақтан өтеді. Біршама сынақтан кейін көліктеріміздің сынақтағы шамасы математикалық өлшеммен тура сәйкес келетінін аңғардық. Осылайша, келесі бронды техникалардың дизайнын экран арқылы әзірлеуге қол жеткіздік», - дейді Тамер Сиркали.

Оның айтуынша, компания құрастырған «Кобра» көлігі он жыл бұрын өндірілген. Ол техника әртүрлі географиялық және климаттық жағдайға бейімделген.

«Көліктерімізді негізгі төрт талап бойынша құрастырамыз. Олар: қозғалыс, қуаттылық, қорғаныс және икемділік. Көліктің қуаттылығы оның әлеуетін көрсетеді. Қорғаныс - қауіпке қарсы тұстарды ескере құрастырылса, икемділік - қолданыс кезіндегі ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Тамер Сиркали.

Айта кетсек, бұған дейін «Отокар» компаниясының бас директоры Сердар Гергюч бронды көлік құрастыру технологиясын Қазақстанға енгізуге дайын екенін айтқан болатын.

Оның айтуынша, компания алғашқы қадам ретінде Қазақстан аумағында дөңгелектерінің қалпы 8-8-дік бронды машиналарды жасауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан басшылығындағы жауапты өкілдермен түркиялық компания келіссөздер жүргізуде.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі ашылды. Көрме  26 мамырға дейін жалғасады. Көрмеге Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Израиль, Италия сынды 40-тан астам елдердің өкілдері қатысады.

Сондай-ақ, Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, ҚХР, Нидерланды, РФ, АҚШ, Сербия сияқты әлемнің 28 елінің 318 кәсіпорыны өз өнімдерін ұсынады.

Көрмені ұйымдастырушы - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ.