Қадiр түнiнде Астана мешiттерi 8 мыңнан астам жамағатқа ауызашар мен сәресi дастархандарын жаяды

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Қадiр түнiнде Астана мешiттерiнде 8 мыңнан астам жамағатқа ауызашар мен сәресi дастарханы жайылады. Бұл туралы бүгiн Астанада өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының бас имамы Қалижан Заңқоев мәлiм еттi.

Оның айтуынша, тамыздың 3-нен 4-не қараған қасиеттi Қадiр түнiн күтуге келген астаналық жамағатқа "Нұр Астана" орталық мешiтiнде 300 кiсiге ауызашар дастарханы, "Әзiрет Сұлтан" мешiтiнде 450 кiсiге ауызашар дастарханы, "С.Ғылмани" мешiтiнде 3000 кiсiге ауызашар мен 3000 кiсiге сәресi дастарханы, "Әс-Сәлам" мешiтiнде 200 кiсiге ауызашар мен 200 кiсiге сәресi дастарханы, "Әл-Ғани" мешiтiнде 150 кiсiге ауызашар мен 150 кiсiге сәресi дастарханы, "Төлебай" мешiтiнде 100 кiсiге сәресi дастарханы, "Шейх Кунта қажы" мешiтiнде 300 кiсiге ауызашар мен 300 кәсiге сәресi дастарханы жайылады. Бас имамның сөзiне қарағанда, ауызашар дастархандары Рамазан айы басталған күннен бастап өткiзiлуде. Оған елордалық кәсiпкерлер белсендi қолдау көрсетiп келедi.

"Рамазан айы басталғалы "Нұр Астана" мешiтiнде бiр күнде 350-450 адам ауыз ашып кетедi. Соның барлығын бiр адам iстеп отыр. Ол кiсi "Атымды елге жария етудiң қажетi жоқ, бiр Алла куә ғой" деп бұл игi iстi шын ниетiмен жасауда", - дейдi Астана қаласының бас имамы Қалижан Заңқоев.

Сондай-ақ "Нұр Астана" орталық мешiтiнде және "Әзiрет Сұлтан" , "Әс-Сәлам", "Әл-ғани", "Шейх Кунта қажы" мешiттерiнде Құран хатым аяқталып, батасы жасалады. Қалалық әкiмдiктiң қолдауымен Рамазан айының алғашқы күнiнен бастап, тарауих намазына келушiлерге арнайы автобустар бiрнеше бағыт бойынша қатынауда. Бұл қызмет Қадiр түнi де көрсетiлетiн болады.