Кадр мәселесі: Өңірлерде неге дәрігер мен мұғалім тапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік саладағы кадр тапшылығы мәселесі уақыт өткен сайын ушығып барады. Kazinform тілшісі аймақтарға білікті мамандарды тартуда мемлекеттік бағдарламалар неге нәтиже бермей жатқанын және мәселені қалай шешуге болатынын зерделеп көрді.
Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өсіп, жаңа мектептер мен емханалар ашылып жатыр. Соған қарамастан, облыстардан мамандардың көшуі толастар емес. Жастар республикалық маңызы бар қалаларға қоныс аударып, ал тәжірибелі кадрлар зейнетке шығады. Соның салдарынан өзге қызметкерлердің жүктемесі ауырлайды.
Бір қызығы, қағаз жүзінде бәрі керемет. Ресми статистикаға сенсек, мамандарды қолдау жоғары деңгейде, қызметкерлер саны артып келеді. Ал шынайы жағдай мүлде өзгеше. Жоғарыда айтқанымыздай, маман жетіспейді. Бұл мәселе, әсіресе, ауылды жерлерде өте өзекті.
Медицина және білім беру: статистика не дейді?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, 2025 жылғы статистика бойынша, елде 275 мың медицина қызметкері бар. Өткен жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда 4 мың дәрігер мен 4,2 мың орта медицина қызметкері (медбике, фельдшер, акушер) жетіспеген. Әсіресе, ауыл медицинасының ахуалы мүшкіл. Маман табылмай жатқан бос жұмыс орындарының 25%-ы ауылдарға тиесілі.
Еліміздегі емханалар мен ауруханаларда негізінен терапевт, жалпы тәжірибе дәрігері, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург, педиатр, кардиологтер тым тапшы. Ал олар – медицинаның сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер ететін мамандар. Осыған қарап-ақ жағдайды бағамдай беруге болады. Мәселен, Ақмола облысында 289 бірлік штат немесе 190 медицина қызметкері жетіспейді. Олардың 125-і ауылдық жерлерге қажет.
Білім беру саласында да ахуал оңып тұрып жоқ. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір 8 мыңнан астам орта білім беру ұйымдарында 415 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. 2025 жылғы статистика бойынша, әлі 5 413 мұғалім жетіспейді. Олардың 2 506-сы ауыл мектептеріне керек. Мәселен, Ақмола облысы білім басқармасының дерегінше, 2025-2026 оқу жылының басында бұл өңірде 134 маман жетіспеген.
Кадр тапшылығының салқыны ең алдымен дәрігерлер мен мұғалімдердің өздеріне сезіліп отыр. Себебі олар күш-қуаты мен уақытын сарқып, бірнеше адамның міндетін атқаруға мәжбүр.
Мамандарды қолдау мәселесі қалай?
Кадр тапшылығы салдарынан қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасы төмендейтіні анық. Мемлекет аймақтарға мамандарды тартып, мәселені шешу үшін жан-жақты қолдауын ұсынып отыр.
Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлерін ынталандыруға арналған бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, ауылға жұмысқа барған дәрігерлерге республикалық бюджеттен 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы бөлінеді. Сондай-ақ, баспана алуға не үй салуға аудан орталықтарында 2 500 АЕК мөлшерінде, ал ауылдық жерлерде 2 000 АЕК мөлшерінде жеңілдетілген несие беріледі.
Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен де жеңілдіктер қарастырылған. Кадр қатты жетіспейтін мамандық бойынша ауылға кемінде 5 жылға келген дәрігерге 1 АЕК-тің жүз есесі, яғни 8,5 миллион теңге беріледі. Сонымен қатар, қызметтік баспана ұсынылып, коммуналдық төлемдері де жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2020 жылдан бері дәрігерлерге берілетін біржолғы жәрдемақы 1,5 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін өскен. Соңғы бес жылда мұндай төлем 300-ден астам дәрігерге төленген. Соның ішінде 117 дәрігер былтыр алған.
Дегенмен, жалақы мәселесі көңіл көншітпейді. Дәрігерлер айлық табысын алыс-жақын шетелдердегі әріптестерімен салыстырады екен. Мысалы, Кабул медициналық университетін бітірген түлек алғашқы жұмысына кірісе сала, 2000 доллар жалақы алатын көрінеді. Ал біздің елде медицина саласындағы айлық табыс мұнымен салыстыруға да келмейді.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт жылда жоғары білімді педагогтерді даярлауға шамамен 65 мың грант бөлінген. Педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің стипендиясы 58 мың теңгеден 84 мың теңгеге дейін көтерілген. Бұл саладағы қолдау мұнымен де шектелмейді:
– Биылдан бастап оқуын үздік аяқтаған жоғары оқу орындарының түлектері жұмысқа байқаусыз-ақ қабылданады, – деді ведомство өкілі.
Жауапты шенділердің пікірінше, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Ақмола облысында аталған жоба аясында 20 жас маманға 168,2 миллион теңге мөлшерінде жеңілдетілген несие берілген. Сондай-ақ, 508 педагогке жалпы 199,7 миллион теңге біржолғы жәрдемақы төленген.
Былай қарасаңыз, мемлекет ауылдық жерлерге барамын деген мамандарды барынша ынталандырып, жағдайын жасап-ақ жатыр. Біржолғы жәрдемақы, жеңілдетілген несие, жұмысқа орналасуға кепілдік берілсе де, өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесі шешілмей отыр.
«Мектепте жұмыс істесем де, білім беретін мұрша жоқ»
Жоғарыда жазғанымыздай, аймақтарға қызметке барған мамандарға қаржылай қолдау жақсы. Соған қарамастан, дәрігерлер мен мұғалімдер ауылдар мен өңірлерден неге кетеді? Тіпті кетпек түгілі, көбі алдымен ауылды жерге барып көруге де құлықсыз. Неге? Бұл сауалдардың нақты жауабын білу үшін олардың өзін тыңдау керек.
Біз екі мұғаліммен сұхбаттасып, сөзіне құлақ түрдік. Олардың бірі білім беру саласында ұзақ уақыт жұмыс істеген. Кәсіби жетістіктері мен санаты да бар. Алайда бюрократиялық жүктеменің тым ауырлығынан өзінің тікелей міндетіне, яғни білім беру ісіне жеткілікті көңіл бөле алмай, жұмыстан кету туралы шешім қабылдаған.
– Бітпейтін есеп беру, толассыз тексеріс, аяқастынан берілетін тапсырмалардың кесірінен жұмыс уақытымыз түнгі 2-3-ке дейін созылып кететін. Бүкіл уақыты мен энергиясын қағазбастылыққа жұмсаса, мұғалім балаларға сапалы білім бере алмайды. Оның үстіне, 24 сағат бойы байланыста болуымыз керек. Мұның бәрі мектептегі жұмысты тым қарбалас, жүктемені өте ауыр қылып жібереді де, педагогтер қызметтен кетіп жатады, – дейді Алма (өзінің өтініші бойынша есімі өзгертілді).
Ал Жанна есімді жас маман екі жылдан бері жұмыс таба алмай жүр. Қалада тәжірибесі жоқ мұғалімдердің жұмысқа орналасуы өте қиын екен.
– Еnbek.kz платформасында жарияланған бос жұмыс орындарында бірден талабы жазылады – үміткердің 3-5 жыл жұмыс тәжірибесі және санаты болуы шарт. Кейде тәжірибесі жоқ үміткерлерді қарастыратындар да кездеседі. Бірақ олар ғылым магистрі не ғылым кандидаты тәрізді дәрежесі болуын талап етеді. Көбіне мектептер мамандарды жұмысқа Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы таңдайды. Бұл платформада кез келген адам бос жұмыс орындарына өтініш беріп, мектептерге құжаттарын ұсына алады. Онда тест тапсырып, қажетті балды жинайсыз, бағалау парағын толтырасыз, өзіңіз туралы ұсыным хатты жүктейсіз, Педагог білімін бағалау тестінің нәтижесін ұсынасыз, яғни барлық құжаттың сканерленген нұсқасын жібересіз. Байқау 10-12 күнге созылады. Егер үміткердің көрсеткіші төмен болса, мектеп өтінімнен бас тарта алады, – дейді Жанна.
Ұзақ уақыт жұмыс таба алмаған Жанна тәжірибе мен санат болмаса, қала мектептеріне жұмысқа орналасу мүмкін емес деген ойға келген. Бірақ еш жер жұмысқа алмаса, ешқандай мүмкіндік берілмесе, университетті енді тәмамдаған түлек қалай тәжірибе жинайды?! Жалғыз шешім – ауыл мектебіне бару. Өйткені, ауылға баруға көбі құлықсыз болғандықтан, онда жұмысқа тұру жеңілірек.
– Ауыл мектептері ЖОО түлегінің тәжірибесі, санаты болмаса да, жұмысқа қабылдайды. Олар әуелі өз өңірінен қызметкер іздейді. Таппаса, өзге аймақтардағы мамандарға байланысқа шығып, ұсыныс жасайды. Маған осы мәселемен Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан хабарласқан болатын. Ұсынысы, беретін жәрдемақысы – бәрі көңілімнен шықты. Әйтсе де, ауылда күн сайын пеш жағып жылытатын ескі үйде тұруым керектігін біліп, ұсыныстан бас тарттым. Сондай-ақ, онда инфрақұрылым да жоқ. Өмірімнің бірнеше жылын ондай жерде өткізуге дайын емеспін, – дейді Жанна.
Жұмысшы мамандар тапшылығы тіпті күрдесі мәселе
Кадр тапшылығы тек әлеуметтік салаға ғана тән мәселе емес. Елімізде жұмысшы мамандар да тапшы. Мұның салдары өндіріс пен инфрақұрылым жүйесінің ақсауына әсер етуі мүмкін.
«Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК-нің әкімшілік басқарушысы Наталья Шарипованың айтуынша, жыл сайын жылыту маусымы басталғанда, жұмысшылардың жетіспеуі қатты білінеді. Биыл аталған мекемеде 65 бос жұмыс орны болған. 20 маман табылып, қызметіне кіріскен. Әлі 45 орын бос тұрған көрінеді.
– Жалақы төмен, жұмыс орны қала сыртында, жайлы тұрғын үймен қамтуға да қолдау көрсете алмаймыз. Сол себепті жұрт мұнда жұмыс істегісі келмейді. Қазір жұмысшыларға жатақханадан бөлме беріп жатырмыз. Бірақ онда жағдай нашар. Негізінен, жасы келген кісілер жұмыс істейді. Олардың өзі жуырда зейнетке шықпақ. Жастарды жұмысқа тарту үшін колледждер мен университеттерге барып тұрамыз. «Қазандық машинисі» деген мамандық бар. Алайда жастар күрекпен көмір лақтырып тұру керек деп ойлап, онда бармайды. Қазіргі машинистер қалай жұмыс істейтінін түсіндіру үшін конференция өткізгіміз келеді. Жастарды қызықтыру үшін дипломмен марапаттау, сертификат табыстау тәрізді дүниелер ойда бар, – дейді Наталья Шарипова.
Медицина, білім беру, өндіріс салаларындағы нақты мысалдар кадр тапшылығы қаншалықты өзекті екенін ұқтырады. Сарапшылардың сөзінше, бұл – еңбек нарығындағы уақытша қиындықтар емес, тым тереңдеп, ушығып тұрған мәселелер.
– Тәуелсіздік алған соң, экономика қарқынды түрде дамыды да, ал кадр даярлау ісі оған ілесе алмай қалды. Кадр даярлау тек оқу орындарының мүмкіндіктеріне сай жоспарланып, жобаланып отырды. Ал еңбек нарығындағы сұраныс ескерусіз қалды. Техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген жұрттың көзқарасы да өзгерді. 90-шы жылдары университеттерде оқитын студенттерден гөрі техникалық және кәсіптік оқу орындарында оқитын студенттер 1,5 есе көп болатын. Ал қазір университеттерде оқу анағұрлым қолжетімді, әрі бұқара ЖОО-да оқуды мәртебе көреді. Әсіресе, гуманитардық салаға баратын жастар көп. Сондықтан қазір экономистер, заңгерлер, есепшілер өте көп те, ал техникалық сала мамандары тапшы. Еңбек нарығында сұраныс жоқ мамандықтар бойынша университет бітірген түлектер жетіп артылады. Ал ел экономикасына ауадай қажет салаларда кадр жетіспейді, – дейді еңбек нарығының сарапшысы Александра Молчановская.
Оның сөзінше, соңғы жылдарда елімізде оң реформалар жүзеге асырылып жатыр. Техникалық білімнің мәртебесін көтеру үшін былтыр Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Сондай-ақ, жыл сайын жұмысшы мамандықтарға көптеген оқу гранты бөлінеді. Алайда бұл істер тек 5-10 жылдан кейін ғана жеміс бермек.
Жастар көбіне экономика, бизнес, ағылшын тілі тәрізді бағыттарды таңдайды. Ал еңбек нарығында бұл мамандықтарға сұраныс төмен. Нәтижесінде тіпті жоғары білім беруде де тепе-теңдік бұзылады. Мысалы, Үкімет энергетика, сумен қамту секілді кадр жетіспейтін салаларға 20 грант бөлсе, онда тек 5-7 талапкер оқуға тапсырады. Тіпті, орташа өту ұпайын түсіріп қойса да, мектеп түлектерінің арасында бұл мамандықтарға қызығушылық төмен болып тұр.
– Нақты салалар жөнінде айтсақ, ең алдымен медицина және білім берудегі жағдай мүшкіл. Елімізде халық саны ұдайы өсіп келеді. Сондықтан аталған бағыттардағы мамандарға деген сұраныс та тоқтаусыз арта береді. Екіншіден, өндіріс саласы. Онда кадрлар қартайып бара жатыр. Ал қазіргі ұрпақ мүлде басқаша, яғни Z және Альфа буыны – цифрлық заманның балалары. Олар жоғары айлық төлесеңіз де, зауыттарда жұмыс істегісі келмейді. Жанына жайлы әрі жеңіл басқа бағыттарды таңдауды жөн көреді. Сол себепті өндірісте жұмысшы жетіспейді, – дейді А. Молчановская.
Сонымен қатар, сарапшы мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде неге айтарлықтай нәтиже бермей жатқанына қатысты пікірін білдірді.
– Жастарға қандай жағдай жасасаңыз да, қаланы ауылға айырбастайтындар көп емес. Бәлкім, бағдарламаны дайындағанда нәтижесін жан-жақты тұрғыда қарастыру керек шығар. Бұл жерде әлеуметтік мәселе де болуы мүмкін, яғни, еңбек ететін орындағы жағдай мен жүктемеге де байланысты болуы ықтимал. Әдетте, бағдарламаларды жайлы кабинеттерде отырған қызметкерлер әзірлейді. Ал жобаны дұрыс дайындау үшін шынайы өмірдегі, өңірлердегі, ауылдардағы нақты ахуалды білу керек, – дейді сарапшы.
Ал әзірге мемлекеттің қолдауына қарамастан, мамандардың өңірлерден кетуі толастар емес.
– Ең алдымен, жұрт әлбетте жақсы өмір сүру үшін үлкен қалаларды таңдайды. Урбанизация енді күшейе бермесе, бәсеңдемейді. Астана, Алматы және Шымкент қазірдің өзінде халықты магниттей тартады. Бұдан кейін де мегаполистерге дарындар, мықты мамандар ағылуын тоқтатпайды. Өйткені, онда инфрақұрылым дамыған, табыс та жоғары. Мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары белгілі бір деңгейде нәтиже беріп, кейбір кадрлардың өңірлерге, ауылдарға баруына себеп болуы мүмкін. Бірақ мұның өзі мәселені түбегейлі шешпейді. Демек, тек үлкен шаһарларға ғана қаржы құя бермей, жалпы елдің өркендеуіне мән беру қажет. Ауылдарға да сапалы тұрғын үй, жол салып, ғаламтормен қамту керек. Өйткені инфрақұрылымды жақсартпай тұрып, қандай мемлекеттік бағдарлама қабылдасақ та, жеміс бермеуі мүмкін, – дейді А. Молчановская.
Сарапшы сөзінің жаны бар екені әр көзі ашық адамға түсінікті. Әлеуметтік саладағы кадрлық дағдарысты біржолғы төлеммен, қағаз жүзіндегі мінсіз есеппен еңсеру мүмкін емес. Аймақтардағы инфрақұрылым өркендемесе; дәрігерлер мен мұғалімдердің, өндіріс басындағы жұмысшылардың жалақысы төмен, жүктемесі ауыр, кәсіби тұрғыда келешегі бұлыңғыр болып қала берсе, онда білікті мамандардың үлкен шаһарларға ағыла беретіні анық. Ал жауапты тұлғалар мемлекеттік бағдарламаларды дайындағанда, облыстардағы шынайы жағдайды елеп-ескермесе, онда ондай жобаларға бөлінген қаржы да ауаға ұшпақ.
Алпамыс Файзолла