Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты баяндаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
«Мемлекет басшысы «командалық көшу» аталатын тәжірибені тоқтату, конкурстан тыс ауысу арқылы кадрларды тағайындауды қысқарту жөнінде бірнеше тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты заң жобасында конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігін мейлінше азайту көзделеді. Ауысу тәртібімен тағайындау тек мемлекеттік органның аясында жүргізіліп, басқа мемлекеттік органдарға ауысу Елбасы белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асатын болады», - дейді Ә. Бәйменов.
Төрағаның айтуынша, заң жобасында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға заңсыз тағайындау, заңсыз жаза қолдану, конкурс өткізу тәртібін бұзу секілді тәртіптік бұзушылық құрамдары белгіленген. Бұған сәйкес, заңсыз кадрлық шешімдері үшін лауазымды тұлғаның жауапкершілігі қарастырылады.
«Заң жобасы аясында құрылатындығы қарастырылған «А» корпусы ҚР Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеу және конкурстық іріктеудің ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген мемлекеттік деңгейдегі әкімшілік лауазымдар болып табылады. Бұндай арнайы басқарушылық корпус 30-дан астам дамыған елдерде бар. Аталған елдерде мұндай лауазымдарға үміткерлерге арнайы іріктеу рәсімі, арнайы оқу курстарынан өту талаптары қарастырылған», - дейді Әлихан Бәйменов. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы қабылданған соң кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және өңірлік комиссиялар құрылатыны көзделеді. Бұл ретте «А» корпусына іріктеу, резервке ұсыну осы комиссиялар шешіміне негізделмек.