Бүгін Ақордада Шет елдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай айтты.
«Экономиканың, жалпы мемлекеттің және қоғамның қажеттілігін ескере отырып, кадрлар даярлау үдерісінде айқын бағытты қамтамасыз ету қажет», - деп тоқталды Мемлекеттік хатшы. Осы орайда ол кадрларды даярлауда тәжірибелік бағытты күшейту маңызды екенін атап өтті.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, комиссия шешіміне сейкес, «Болашақ» халықаралық стипендиясына 427 адам, оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша - 224, докторантура аясында - 8, тағылымдамадан өтуге 195 жас үміткер ие болды.
Атап айтқанда, стипендиялардың едәуір бөлігі мемлекеттік органдардың мақсатты өтінімдеріне сәйкес бөлінді. Яғни, бұл мамандарды нысаналы бағытта даярлау жұмысы күшейтілгенін айғақтайды.
Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мақсатты өтініміне сәйкес, Қазақстанның индустрияландыру картасына енген кәсіпорындарда жұмыс жасайтын 66 инженерлік-техникалық қызметкер Германияның жетекші өнеркәсіп орталықтары мен зауыттарының базасында тағылымдамадан өтетін болды. Ал «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 20 медицина қызметкері АҚШ, Австрия, Франция, Израиль және Ресей елдерінің мамандандырылған орталықтарында тағылымдамадан өтпек.
Тарихшылар мен археологтардан құралған 5 маман Ұлыбританияның Кембридж, Букингем және Брунель университеттеріне жіберіледі.
Спорт және дене шынықтыру ісі жөніндегі агенттіктің мақсатты өтінімі бойынша еліміздің 12 бапкері мен спорт менеджері Ұлыбританияда және Ресейдің Сочидегі халықаралық олимпиада университетінің базасында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Лондондағы Брунель университетінде спорттық менеджмент мамандығында білім алатын болады.