Батысқазақстандықтар алдымен Махамбет аудандық мәдениет үйінде концерт қойды. Белгілі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміровтың орындауындағы «Ақжайық» əнімен ашылған кеште Қадыр орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла сөз сөйлеп, биыл көктемде бастау алған жобаның мақсатымен таныстырды. Айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев ердің есімін алған елге жырын арнаса, əнші Ернар Өмірəлі «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыруды» өз биігінде əуелетті. Сондай-ақ әнші-композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев əдеттегідей ел қошеметіне бөленуін бұл сахнада да жалғастырды. Аға буынның ізіне ерген Мейірхан Аюпов, Ерлан Қуанышев, Гүлзада Ахметова, «Інжу» тобы өнер көрсетіп, кеш мерейін көтере түсті.
Талантты жастар Асыланбек Шығыров, Ақнұр Жұмағалиевалар Қадыр ақынның жырларын оқыды.
Кеш тізгінін ұстаған журналист Бауыржан Ғұбайдуллин сахна төрінде Қадекеңнің «қалжың қоржынын» ашты.
«Дала дидары» ұжымының сапары Атырау қаласындағы Махамбет атындағы театрда жалғасып, Қадыр шығармасын Жұмекеннің еліне насихаттаған өнерлі топ атыраулықтардың да қошеметіне бөленді. Кеш шымылдығын Айнабек Бисенғалиев ашса, дəстүрлі əннің «жілігін шағып, майын ішіп» жүрген Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі «Ата» əнімен елді бір серпілтіп тастады. Қадырдың сөздеріне жазылған басқа да әндер орындалып, жырлары оқылды. Талантты ақын Талғат Мықи қос құрдас Қадекең мен Тұмағаңның достығы туралы жазылған өлеңімен дараланды.
Кеш соңында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қадырдай ұлы ақын шығармашылығының өміршеңдігі туралы айта келіп, жаңа ұжымға сəттілік тіледі.
«Өзінің заманынан озып туған ақындар болады. Олар өмірден өткеннен кейін, тіпті ғасырдан соң жаңа қырынан бағаланып жатады. Қадыр ақын көзінің тірісінде де жалпақ елді талантымен мойындата білді. Оның туындылары өз биіктігінен еш уақытта төмендемек емес. Қадыр ағамыз өнімді еңбек етудің үлгісін көрсете білді. Қазақ халқымен бірге жасайтын жырларымен бірге «Иірімі» мен «Жазмышы» арқылы қаншама адамның ғұмырнамасы мен шығармашылық қырларын келістіріп жазды. Ел аузында жүрген тапқыр сөздері қаншама! Бүгінде Оралға жолы түскен адам Қадыр орталығына соқпай кетпейді. Ондағы ақынның өзі жинаған 7 мыңға жуық кітабы, жұмыс үстелі, тұтынған бұйымдары үнемі көз тартып тұратын болады. Қадыр шығармашылығын насихаттау жұмыстары бұдан кейін де жалғаса бермек. Елбасымыз айтқанындай, рухани жаңғыру дегеніміз, міне, осы», деді Нұрлан Асқарұлы.
«Дала дидары» ұжымы енді Атыраудың Жылыой ауданында болып, өз өнерін көрсетпекші.
06:08, 03 Маусым 2017
Қадыр орталығының «Дала дидары» ұжымы Атырау облысында өнер көрсетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қадыр жолымен...» жобасы аясында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы жанынан құрылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы көршілес Атырау облысына шығармашылық сапармен жол тартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.