Қадыров Шешенстан Үкіметін отставкаға жіберді

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат  -  Бүгін Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров ел Үкіметін толық құрамда отставкаға жіберуді ұйғарды. Бұл туралы BNews.kz жазды.

«Министрлер кабинеті үлкен жұмыстар атқарды, күрделі міндеттердің шешімін тапты. Жалпы алғанда үкіметтің жұмысына көңілім толды. Дегенмен уақыт орнында тұрмайды, алдымызда жаңа міндеттер, жаңа проблемалар тұр. Әрине, оларды шешу үшін жаңа тәсіл, жаңа стратегия және жаңа тактика керек. Осы міндеттерді сәтті іске асыру үшін Үкімет құрамына өзгерістер енгізу қажет. Сондықтан мен тиісті құжатқа қол қойдым және бүгінгі күннен бастап республика Үкіметі отставкаға кетеді», - деп РБК Р.Қадыровтың сөзінен үзінді келтіреді.

Ол Үкімет мүшелеріне жаңа Министрлер кабинеті құрылғанға дейін өз міндеттерін орындауды тапсырды. Р.Қадыров Үкіметте оның қызмет тиімділігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған құрылымдық және кадрлық өзгерістер болатынын атап өтті.