Кафе, ресторандарда қорқор шегуге салынған тыйым: көпшіліктің көзқарасы қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салу – халық денсаулығын қорғауға бағытталған негізгі шаралардың бірі. Мұндай шектеу не үшін сақталып отыр және оның қандай негізі бар екені туралы зерттеп көрген едік.

Фото: pexels

Қорқорға арналған темекі мен оның қоспаларын тұтынуға тыйым ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 110-бабы 5-тармағында бекітілген. Бұл шектеу қоғамдық тамақтану орындарына, түнгі клубтарға, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына, жұмыс кеңселеріне, қоғамдық көлікке және өзге де көпшілік орындарға қатысты. Заң талаптарын бұзған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, тыйымның басты мақсаты – бұқараны екінші деңгейлі темекі түтінінің зиянынан қорғау. Бұл тек кафе мен мейрамхана қонақтарына ғана емес, сол жерде күн сайын бірнеше сағат бойы жұмыс істейтін қызметкерлерге де әсер етеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, Қазақстанда 2019 жылы Ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну жөніндегі жаһандық сауалнама (GATS) жүргізілген. Нәтижесінде мәселенің өте өзекті әрі ауқымды екені дәлелденген. Өйткені, кафелерге келушілердің – 14,7%-ы, мейрамханалар қонақтарының – 15,5%-ы, барлар мен түнгі клубтарға барғандардың – 71,5%-ы қорқор түтінін жұтуға мәжбүр болған. Ал 15–24 жас аралығындағы жастардың арасында бұлардан да жоғары көрсеткіштер тіркелген: кафелерде – 21,4%, мейрамханаларда – 27%, барлар мен түнгі клубтарда – 77,4%.

Мамандар жұрт арасында кең тараған қорқордың зияны төмен деген пікір ғылыми деректерге сәйкес келмейтінін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, су қорқор түтінін зиянды заттардан тазартпайды. Оның құрамында никотин, көміртек тотығы (иіс газы), ауыр металдар, ұсақ дисперсті бөлшектер және өзге де улы қоспалар болады. Сонымен қатар, қоспаны қыздыру үшін қолданылатын көмір жанған кезде олардан бөлек тағы басқа қауіпті заттар бөлінеді.

Фото: freepik.com

Мұндай тұжырым темекісіз қорқор қоспаларына да қатысты. Олардың құрамында темекі болмаса да, қыздырылған кезде денсаулыққа зарарлы аэрозольдер мен заттар түзіледі.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелері қорқорды тұрақты пайдаланудың нақты зиянын анықтады. Ол тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары, ауыз қуысы ауруларына және қатерлік ісіктің бірқатар түрлеріне шалдықтыруы мүмкін.

Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметінше, жоғарыда аталған тыйым ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы талаптарына толық сәйкес келеді. Ал Қазақстан бұл ұйымға мүше екенін айта кеткен жөн.

Сарапшылардың пікірінше, жүйелі мемлекеттік саясат жүргізілмесе, аталған қатерлердің алдын алу мүмкін емес. Сондықтан темекі өнімдерін тұтынуды реттеу, қажет болса, шектеу – жұқпалы емес аурулардың алдын алу және азаматтар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам.

Қорыта айтқанда, қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым азаматтардың темекі түтінінен таза ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз етеді. Сол себепті, қоғамдық денсаулықты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 20 мыңға жуық қорқор орталығының қызметі заңдастырылуы мүмкін екенін жазғанбыз.