Оның сөзіне қарағанда, Бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы бір жарым айдың ішінде 15 мың адам өздерінің мамандықтары мен тәжірибелеріне сай келетін жұмыс тапты. Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орындарының ақпараты орналастырылған.
Белгілі болғандай, қазан айынан бастап Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларында Бірыңғай электронды еңбек биржасы қанатқақты жобасы іске қосылды.
«Біз айтып отырған Еңбек биржасында бүгінгі таңда 15 мың азамат өзінің жұмысын тапты. Сол арқылы алдағы жылдан жұмыс тапқан кезде, яғни жұмыс беруші мен қызметке орналасушы арасында электронды түрде еңбек шарты жасалады деп мақсат қойып отырмыз. Осы орайда электрондық қолтаңба қолданылып, аталған электронды еңбек шарты жүйе архивінде қалады», - деді вице-министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
С. Жақыпованың атап өтуінше, бүгінде қолданыстағы «еңбек кітапшалары цифрландырылады және барлығын осы форматқа ауыстыру керек» деген мақсат қойылып отырған жоқ.
«Қазіргі кезеңде Еңбек биржасында жаңадан жасалған шарт тек электронды түрде іске асырылады деп айтып отырмыз. 2025 жылға дейін электронды еңбек биржасы өзін дамыта түседі. Ал қолда жүрген еңбек кітапшалары қалады. Негізі ертең зейнетке шыққанда, өзіңіздің еңбек өтіліңізді растайтын сол еңбек кітапшасы болады», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру жайында айтқан еді.
«Бірыңғай электронды еңбек биржасы базасында жұмысшы профилін жүргізу және еңбек келісімшарттарын есепке алу жүйесі құрылатын болады. Еңбек келісімшарттарын электронды форматқа көшіру қағаз еңбек кітапшасын алып тастауға мүмкіндік береді», - деп атап өткен еді министр.