Қағаз ұшақ ұшырудан Әлем чемпионатында қазақстандық студент алтыншы орын алды

АЛМАТЫ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қағаз ұшақ ұшырудан Австрияда өткен Әлем чемпионатында 83 елдің 253 спортшысының арасынан қазақстандық Андрей Готовцев алтыншы орын алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Екі жылда бір өтетін бұл бәсеке биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Онда сайыс үш санат бойынша (алысқа ұшу, ұзақ ұшу және аэробатика) өткен болатын. Қазақстан намысын онда алматылық Олжас Мұхамедиев пен Андрей Готовцев (21 жас) және қарағандылық Иван Зайцев (22 жас) қорғады. Бұл жарыста қағаз ұшақты алысқа ұшырудан хорват Йовица Козлица (54,43 метр) 2006 жылы жеңіп алған чемпиондық атағын сақтап қалды. Қағаз ұшағын ұзақ ұшырудан бұл жолы бразилиялық Леонарда Анга (11,66 секунд), ал аэробатикадан жапондық Такешиге Кишлура Кишии жеңімпаз атанды.