Қағазда бар, өмірде жоқ: ArtSport жобасында жеңгетайлар мен жезөкшелер қалай жұмыс істеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаев бұрынғы жеңгетайлар мен жезөкшелердің ArtSport бағдарламасында қалай жұмыс істегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ortcom.kz

Ерболат Досаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімдігінің ArtSport жобасын тексеруге бастамашы болғанын айтты.

«Бағдарламадағы өзгерістер әкімдіктің бастамасымен енгізілді. Себебі балаларымызды қолдауға 20 млрд теңге бөлген едік. Осы бойынша кей тұстарда кемшіліктер шығатыны анық болды... Ақша табу үшін арам пиғылды кісілер бағдарламадан үлкен бір ілік тапқан. Ол кезде нақты талаптар жоқ еді. Бағдарламада ең бастысы «осынша адам жұмыс істейді, осынша бала барады» деген құрғақ сөз ғана болды және сол үшін мемлекет қаражаты төленген. Ол бойынша бұрыс шешімдер қабылданған деп есептеймін және біз одан тиісті қорытынды шығардық. Жақында әкімдік пен мәслихаттың ревизия комиссиясының есебі болды. ArtSport-ты толық тексеріп, әлсіз тұстарын көрсеткен соң ревизиялық комиссия бізді қолдады. Айтқым келгені, жобадағы адамдар құжатта ғана бар деп есептеліп келген, ал балалар үйірмеге тіпті қатыспаған. Балалардың бармағаны де-факто. Сондықтан балаларды психологқа көрсетудің қажеті жоқ», - деді Алматы әкімі.

Ол сондай-ақ алматылық балалардың жоғарыда аталған адамдармен қарым-қатынаста болмағанына ешқандай кепілдік бере алмайтынын жеткізді.

«Егер ата-аналар хабарласса, әкімдік балаларға тиісті көмекті көрсетуге дайын. Әзірге қала тұрғындарынан ондай өтініш түскен жоқ», - деді Ерболат Досаев.

Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бұрын притон ұйымдастырып, сотты болған кісілердің Қазақстанның 6 аймағында «ArtSport» бағдарламасымен жұмыс істегенін айтқан еді.

Бас прокуратура аталған мәліметті растап, жоба аясында секс-индустрияның бұрынғы қызметкерлері Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істегенін хабарлады.