Қағаздан жасалған жақұт сатқан

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Пирамидалар туралы аңыз бен ақиқат бүкіл газет біткеннің бетін жаулап алса да, тегін еттің тек тышқанаулағышта ғана болатынын кейбіреулер әлі де түсіне алмай келеді.

Соның салдарынан қалтасынан қағылып, құзырлы органдарға арызды қарша боратып жүргендері. Бірақ, амал қанша, қалтақаққыш қулар жемсауын толтырып алған соң, табанын жалтыратып отырады. Оларды қақпанға іліктіру де оңай емес, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Жуырда Жамбыл облыстық проку­ратурасы Daimond Rewards жақұт пира­мидасы қызметінің жолын кесті. Облыстық прокуратура берген мәліметке сүйенсек, аталған компания екі жыл бойы тараздық тұрғындарды «аулаумен» айналысқан. Яғни интернет арқылы гауһар және жақұт тастарын сатқан. Тек интернет парақша­ларында ғана. Аты бар да заты жоқ ком­панияның тірлігі де тындырымсыз. Олар ғаламтор арқылы торларына 40-тан астам тараздықты түсіріп үлгеріпті. Олар көп­шілікке таныс пирамида үлгісімен жұмыс істеген. Яғни астындағылар үстіндегілерін байытумен болған. Аңқау азаматтар интернетте тіркелген бизнес-орынды 350 АҚШ долларына сатып алуы тиіс. Сонымен қатар оларға тағы да осындай сомада қаржы құятын екі адамды тарту міндет­телген. Тергеуден кейін мәлім болғанындай, қазіргі уақытта компанияға 150 мың тең­геге дейінгі көлемде қаржы салған 40-тан астам салымшының болғандығы белгілі болып отыр. Бұл пирамиданың жұмысы тым-тырыс жүре берер ме еді, кім білген, егер салған ақшасын қайтара алмаған бір тұрғын арызданбағанда. Бүгінде облыстық прокуратура Daimond Rewards компания­сының іс-әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс тергелу үшін қаржы полициясы органдарына жіберілді. Тергеу біткен соң әлі де біраз былық-шылықтың белгілі болатын түрі бар.