Каирде Араб мемлекеттері лигасының шұғыл кеңесі өтеді

Фото: Фото: Petra/AF

11 қазан күні Каирде Араб мемлекеттері лигасының шұғыл кеңесі өтеді. Бұл жайлы Палестинаның осы лигадағы тұрақты өкілі Муханад аль-Аклук мәлімдеген, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Газа секторындағы шиеленіске қатысты отырыс СІМ басшылары деңгейінде Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшылығының штаб-пәтерінде өтеді. 

Sada El Balad басылымының жазуынша, бұған дейін Палестина өңірдегі жағдайға қатысты ендігі кезекте қалай әрекет ету керектігін талқылау үшін шұғыл отырыс өткізуді сұраған. Марокко мен Ирак та осындай ұсыныс білдірген. 

Араб мемлекеттері лигасына арабтілді 18 ел, Палестина мемлекеті және Шығыс Африканың араб әлемімен тығыз байланыстағы үш мұсылман елі — Коморы, Сомали және Джибути кіреді. Ал Лиганың штаб-пәтері Каирде орналасқан. 

Айта кетейік, Палестина денсаулық сақтау министрлігі, Палестина Қызыл жарты ай қоғамы мен Израиль Медицина қызметінің деректерін негізге ала отырып, жергілікті уақытпен өткен тәуліктегі 14:00-дегі жағдай бойынша Палестина-Израиль соғысында қанша адам қаза тапқаны туралы деректер жарияланды.

Газа секторында 510 адам қаза тауып, 2 750-ден астам тұрғын жараланған.

Израильге келер болсақ, 800-ден астам адам өлтірілген, жарақат алғандар саны 2243 адамнан асады.

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.

Дүйсенбі күні таңертең Израиль әскерінің ресми өкілі барлық елді мекен бақылауға алынғанын және Израиль аумағында әскери іс-қимыл жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Израиль аумағында әлі де ХАМАС әскері болуы мүмкін екені айтылады.

Бүгін ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды.

Сондай-ақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газаның толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта жарық, тамақ және отын жоқ.

Сондай-ақ, Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері Израиль – Палестина қарым-қатынасының ушығуына байланысты бүгін шұғыл жиын өткізеді.