Каирдегі қақтығыс басылды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Каирде наразылық шеруі болып жатқан Сыртқы істер министрлігі ғимаратының маңында екі адам қаза тапты.

"Бастапқыда бір полиция қызметкері мен бір әйелдің қақтығыс құрбандары болғаны жайлы хабарланған болатын, бірақ кейіннен елдің Ішкі істер министрлігі тәртіпсіздіктер мен бұл екі адамның қазасының арасында байланыстың жоқ екенін айтып, ресми мәлімдеме жасады", - деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Сыртқы істер министрлігі ғимаратының жанында шын мәнінде наразылық шеруі өтті, бірақ полиция қызметкері мен әйел жазатайым оқиғаның салдарынан қаза тапты - оларды машина қағып кетті. Бұл қайғылы оқиғаның жоғарыда айтылған қақтығыстармен ешқандай байланысы жоқ», - делінген Ішкі істер ведомствосының хабарламасында.

Кейіннен анықталғандай, көлік жүргізушісі үлкен жылдамдықпен келе жатып, адамдарды байқамай қалған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан тағы бір мысырлық зардап шегіп отыр.

Елдің Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, екі күнге жалғасқан тәртіпсіздіктердің салдарынан төрт адам құрбан болған, және олардың бәрі сейсенбі, наразылық шеруінің бірінші күні қаза тапқан: Суэцте - үш демонстрант, Каирде - бір полиция қызметкері көз жұмған. Сәрсенбі күні ешқандай кісі құрбандығы болған жоқ»,- - деп хабарлады ведомстводан.

Министрлік сондай-ақ Каирде сәрсенбі күні сағат 22.00-ден бастап коменданттық сағаттың енгізілгені туралы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратын теріске шығарды. «Бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді», - деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің өкілі.