Қала әкімдігінде құрылыс саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімдігінде алдағы құрылысшылар күні қарсаңында елорданың құрылыс индустриясы саласына айтарлықтай үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп, марапаттар табыс етілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан құрылыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен әкім орынбасары Василий Крылов құттықтады. «Құрылысшылар күні күнтізбеде қызыл күн ретінде белгіленбегенмен, бұл мереке оған қатысы бар барша адамдардың жүрегінде ерекше орын алады. Еліміздің бас қаласының құрылысына етене араласып, оның жаңа келбетін қалыптастыруда елеулі үлес қосып отырған сіздерге амандық пен денсаулық тілеймін», - деді ол.

В.Крылов «Норд Диалог» ЖШС директоры Рафаиль Шахмаевты, «Ырыс» ЖШС директоры Александр Миллерді және «Стройастес» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Александр Журконы құрметті құрылысшы атағы мен «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төс белгілерімен марапаттаса, «Астанақұрылыссервис» ЖШС инженері Майдан Құсайыновқа, «Жаңа құрылыс» ЖШС бас инженері Бурабай Жамбауловқа және «Астанатрасстрой» құрылыс компаниясы ЖШС-ның электригі Петр Бурлаченкоға «ВАЗ-2107» жеңіл автокөліктердің кілттерін табыс етті.

Сондай-ақ құрылыс компаниялары, қалалық қызметтер мен мекемелердің 23 өкілі ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің құрмет грамоталарымен, тағы 37 азамат Астана қаласы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

«Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңға сәйкес елмізде құрылысшылар күні тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі. Қазіргі таңда елордада 700-ге жуық құрылыс компаниясы жұмыс істейді. 800-ден астам нысан, оның ішінде 125 тұрғын үй кешені бой көтеруде.