Қала қоқысқа толды: Орал әкімдігі жауап берді

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Орал қаласының орталық ауданы қоқысқа толғаны жөнінде бейнежазба жарияланды.

Айболат Бөкеновтің Facebook әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, қаладағы қатты тұрмыстық қалдықты тазалау бойынша тендерден «Строй Компас» ЖШС ұтып алған.

Қала тұрғыны өзі күнде өтетін Әмбебап шағынауданы К.Меңдәлиев көшесі 2-мекенжайы тұсында қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналмай жатқанын айтады. Ғ.Құрманғалиев көшесі 3, Х.Чурин көшесі 119-үй маңы да осындай күйде.

- Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын «Строй Компас» мекемесінің техникасы, жұмысшылары бар ма? Қаламыз қоқысқа толды ғой, - дейді А.Бөкенов.

Осы мәселеге байланысты Орал қаласы әкімдігі жауап берді.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, ірі көлемді қалдықтарды жинау-шығару бойынша мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қала алты учаскеге бөлініп, жалпы конкурс жарияланды.

- Нәтижесінде 5 учаске бойынша «Строй Компас» ЖШС, біреуі бойынша «Жайық таза қала» ЖШС ұтып алды. Конкурстың өтуі кезінде 1-2 күн жұмыс тоқтап қалды. Қазіргі уақытта мердігерлер жұмыстарын бастады. Қала бойынша ірі көлемді қалдықтарды шығару қарқынды жүргізіліп жатыр. «Строй Компас» ЖШС-да кемінде 10 тонна жүк тиейтін 20 самосвал, 20 тиеуші-трактор, 15 бригадир, 50 жұмысшы бар, - деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тендер өткізу кезінде бәсекелестікке қарсы әрекетке жол берілгенін жазған едік.

Сондай-ақ Оралда құны 5,3 млрд теңгеге бағаланған екі конкурстың күші жойылды.