Қала күні Семейде 17 нәресте дүниеге келді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Қала күні Семейде 17 нәресте: 9 ұл мен 8 қыз дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік күн Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейханов, Қайым Мұхамедханов және басқа да атақты тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоғын қоюдан басталды.

Осы күні 17 нәресте дүниеге келді. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов перзентханаға барып, сәбилі болған аналарды құттықтады. Ол қала басшылығы атынан сәбилерге сыйлық берді.

Сондай-ақ, қала әкімі бұл күні шаңырақ көтерген жас жұбайлар – Ермек пен Әсемді құттықтады. Олар той қай күні болатыны туралы ұзақ ойланған. Осылайша олардың өмірлеріндегі ең бақытты күн қала күнімен сәйкес келген.