Қала тұрғындары ақуыз және майлардан тұратын тамақ өнімдерін көбірек тұтынады

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылғы үй шаруашылықтарының іріктеме зерттеу деректері бойынша тамақ депривациясының деңгейі немесе тамақтану калориясы шекті деңгейден төмен халықтың үлесі 1,8 пайызды құрады.

Бұл көрсеткіштің айтарлықтай саралануы тұрғылықты жерінің түріне қарай байқалады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

Атап айтқанда, 2012 жылы қалалық жердегі тамақтану калориясы шекті деңгейден төмен халықтың үлесі ауылдық деңгейден 3 еседен астам артты. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық ауылдық жердегі халықтың тұтынған тамақ өнімдерінің аса жоғары энергетикалық құндылығымен, сондай-ақ олардың тұтыну рационының теңдестірілгенімен түсіндіріледі.

2012 жылғы тұтынылған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы күніне орташа жан басына 3169 ккал құрады. Энергетикалық құндылықты тұтынудың өңірлік саралануын қарастыра отырып, еліміздің барлық өңірлерінде энергияны тұтыну деңгейі энергетикалық құндылықтарға ең төменгі қажеттіліктерден артқандығын атап көрсетуге болады.

«Егер халық тұтынған тамақ өнімдерінің химиялық құрамын қарастыратын болсақ, онда қалалықтар ақуыз және майлардан тұратын (ет, ет өнімдері, балықтың майлы түрлері) тамақ өнімдерін көбірек тұтынатындығын, ал ауылдық жерде жарма өнімдері, макарондар, нан секілді тағам түрлері басым екендігін атап айтуға болады. Бұл қала мен ауыл арасындағы осы тамақ өнімдерінің құны және қолжетімділік айырмашылығымен негізделген»,-делінген Статистика агенттігінің мәліметінде.