деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясының ережелерін іске асыру және осы саладағы құқықтық олқылықтарды жою болып табылады. Сонымен бірге, құжат бойынша тасымалдау үдерісін және көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін жақсарту, көлік заңнамасын халықаралық құқыққа сәйкес келтіру жолымен темір жол, автокөлік жолдары және басқа да салалардағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру көзделеді.
Заң жобасымен Жер және Су кодекстеріне, сондай-ақ 8 заңға өзгерістер енгізу қамтылып отыр. Сонымен қатар, құжат арқылы автомобиль көлігі саласында азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, қызмет тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нормалар енгізілген. Атап айтқанда, халықаралық және қалааралық қатынастарда жолаушылардың автобустармен, шағын автобустармен тасымалдануын лицензиялау енгізіледі. Ал теміржол көлігі саласында вокзалдардағы медициналық пункттер мен қоғамдық тәртіпті сақтау бекеттерінің болуын көздейтін нормалар қамтылған. Су көлігі саласында Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлу жөніндегі келісімді іске асыру мақсатында кеменің ұлттық тиесілігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы жөніндегі баптардың редакциялары нақтыланады.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар тарапынан 730-дан астам ұсыныс келіп түскен. Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін комитетке тапсырылады.