Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 26 жастағы бойжеткен жанармай станциясында кезекке тұрғысы келмей, кезексіз өтіп кетпек болады. Алайда станция қызметкерлері оның бұл әрекетін байқап қалып, қызмет көрсетпей қойған.
Аталған оқиға студент қыздың шамына тигені соншалық, ол өз эмоциясын әлеуметтік желілерде былайша жариялайды: «Джоджа (Джокьякарта) - халқы өте кедей және дөрекі, мәдениетсіз қала. Джакарта мен Бандунг ( Индонезия қалалары) қаласындағы достарым, өтінем, Джоджаға келмеңдер». Сондай-ақ ол әлеуметтік желілердің біріне видео жариялаған, бұл жерде де ұнамаған қалаға шағым айтқаны көрсетіледі.
Бұл видео ғаламтор пайдаланушылардың арасында тарап, қыздың жазғанына ашуланған жергілікті тұрғындар полицияға шағымданады.
Көп ұзамай 26 жастағы Флоренция Сихомбин қалаға тіл тигізіп, шу тудырғаны үшін айыпты деп танылып, қамауға алынды. Қалалық полицияның баспасөз хатшысының айтуына қарағанда, бойжеткеннің кінәсі дәлелденген жағдайда ол 6 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп жазады шетелдік БАҚ.