«Қалаға жету мұң болды»: ШҚО-дағы Зайсан ауданының тұрғындары жол жағдайына шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғындарын жолдың мүшкілдігі әбден қажытқан. Әсіресе көктем-күз айларында көліктер балшыққа батып қалып, ауылдардан Зайсан қаласына жету тіптен қиындайды. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.
Жергілікті халықты жағдайы сын көтермейтін Біржан-Ақарал жолы шаршатқан.
- Қыс кетіп, қар ерігенде және жылауық күзде жол балшыққа айналады. Соның салдарынан ауылдардан Зайсан қаласына жете алмай, сергелдеңге түсеміз. Бірде тіпті тұрғындардың бірі жедел жәрдем шақыртқанда олар жете алмай қалған. Осы мәселені әкімдікке талай жылдан бері айтып келеміз. Алайда «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр, - дейді зайсандықтар.
Kazinform тілшісі Зайсан ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолдап, жолдың жөнделетіндігін-жөнделмейтіндігін нақты сұрап көрді.
- Аталған тасжол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Жалпы Біржан ауылынан Ақарал ауылына дейінгі қашықтық 12 шақырымды құрайды. Жол жазғы күтіп-ұстау жұмыстары аясында нормативтік қалыпта ұсталуда. Ал орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 2025 жылға жоспарланып отыр. Тұрғындар тарапынан да қалпына келтіру жөнінде ұсыныстар келіп түсті, - деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіков.
Оның айтуынша, биыл Тасбастау ауылындағы көше 61,7 млн теңгеге орташа жөндеуден өтеді. Айнабұлақ ауылдық округіндегі 9 көшені де орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
- Жоба сомасы - 210 млн теңге. Біржан ауылының 19-мамыр, 8-Шартты, Амангелді, 4-Шартты көшелерін орташа жөндеу жобасы қолға алынады. Жалпы ұзындығы - 1,806 шақырым. Жоба сомасы 80 млн теңгені құрайды. Дайыр ауылындағы Абай көшесі 58 млн теңгеге орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Көкжыра ауылының екі көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі. Қарабұлақ ауылындағы Абай көшесін орташа жөндеу үшін 69,6 млн теңге көзделген, - деді Данияр Серіков.
Сондай-ақ осы жылы аудандық маңызы бар «Зайсан-Жаңатұрмыс-Шүршітсу» (0-12 шақырым) тасжолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстанда жолды су шайып кеткен болатын.