Қалалық мәслихаттың депутаты тұрғындарға павлодарлықтардың адамгершілік кодексін қабылдауды ұсынып отыр
12:19, 18 Қыркүйек 2010
ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат - Қалалық мәслихаттың депутаты Асқар Бахралинов тұрғындарға «Павлодарлықтардың адамгершілік кодексін» қабылдауды ұсынып отыр.
Облыс орталығының тұрғындарына арналып дайындалатын бұл құжаттың мақсаты туралы депутат ҚазАқпарат тілшісіне баяндап берді.
«Ең басты мақсат - қаламызды жайқалтып, әдемілеп, қауіпсіз ету. Көшелерде кейбір тұрғындардың қаласына деген құрметін көре алмаймын. Гүлзарларды қиратып, бүлдіреді, аялдамалардағы павильондарды ластайды. Бұның барлығы азаматтардың қала сәулетін қабылдамауынан туындап отыр.
Павлодарлықтардың адамгершілік кодексін құру қажет, ондағы ережелер қылмысқа қатысты мәселелерді шешуге, жол жүру ережесінің сақталмауын бақылауға, көшелерде мас адамдардың жүруіне тиым салуға көмегін тигізеді», дейді өз пікірін ортаға салған Асқар Бахралинов.