Қаламақы баспаның қанжығасын майламай, қаламгердің қалтасына түсуі тиіс - Н.Оразалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаламақы баспаның қанжығасын майламай, қаламгердің қалтасына түсуі тиіс. Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен еліміздің белгілі қаламгерлері арасындағы кездесу алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Нұрлан Оразалин осындай пікір білдірді.

«Біз мемлекет ретіндегі қоғамдық дамудың жаңа сатысына көтеріліп отырған елміз. 90-шы жылдары алғашқы тәуелсіздік жариялаған кезеңдегі қазақ елінің ақиқаты мен 2000-шы жылдардағы ақиқатты салыстыруға келмейді. Өйткені, біз тәуелсіздік жариялаған кезде қазақ халқы мемлекет бола ма, болмай ма, деген әртүрлі алып-қашпа әңгімелер көп болды. Бірақ, 2000-шы жылдарға қарай қазақ елі, қазақ халқы мемлекет құруға қабілеті зор екендігін дәлелдеді. Ал енді дамудың үшінші кезеңіне өтіп отырмыз»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, Елбасы Н.Назарбаев 90-шы жылдардан бергі ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде еліміздің тұтастығын әлем алдында дәлелдеп, мемлекетімізді дамудың жаңа кезеңіне өткізді. «Мәңгілік ел» деп аталатын ұлы жобаны халқымызға межелі мақсат ретінде айқындап берді.

«Ал әдебиетіміз де қоғамның қозғаушы күші ретінде өз дамуының жаңа сатысына өтіп отыр. Бұрынғыдай ескіше жазудың заманы өтіп бара жатыр. Жаңаша жазу біраз қиындықтар туындатады», - деп атап өтті Н.Оразалин.

Оның айтуынша, уақыт, замана талабына сай шығармаларды қалай және қай бағытта жазу керек деген сауал қоғамда да, жазушылар ортасында да өзекті болып отыр. «Ең алдымен әдеби байланыстарды қайта жандандыруымыз қажет. Әдебиетіміздің бар екендігін әлемдік деңгейде танытатын қимыл-әрекет жасауымыз керек. Оны құқықтық тұрғыда бекіткеніміз жөн. Тағы бір үлкен мәселе - қаламақы. Ол өтеулі болуы керек және ол баспалардың қанжығасында кетпеуі тиіс»,- деді ол.