Қаламгерлер өмірінде
Қ ос қанат
А.Кәлетаевтың жырлары республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарық көріп жүр, жырсүйер қауым үшін жақсы таныс. Ақынның баспадан жаңа шыққан, сиясы кеппеген қос кітабына соңғы жылдары жазылған өлеңдері мен дастандары жинақталған. Аман Кәлетаев поэзиясы тұтасымен туған елге, жерге арналған десе де болады. Мамандығы қаржыгер бола тұра, жастайынан әдебиетті кие тұтқан автор шығармашылығының өне бойында поэзияға, кітапқа деген сүйіспеншілік, құрмет өріліп жатыр. Ақынның өлеңдерін орыс тіліне аударған белгілі қаламгер Орынбай Жанайдаров.
«Ниетқабыл»
Ақын, қарымды қаламгер Бауыржан Бабажанұлының Алматыдағы «Хан Тәңірі» баспасынан «Ниетқабыл» атты жаңа кітабы жарық көрді.
Қалам қанаты
Жазушы-журналист Жұмабек Кенжалиннің «Ана тілі» баспасынан «Қалам қанаты» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жинақ үш бөлімнен тұрады.
«Тәуелсіздік туы берік қолда», «Жақсы жүрген жерінде із қалады», «Өрімтал дәурен өрнегі» деп аталатын бөлімдерге автордың уақыт пен дәуір талабынан туындайтын міндеттерге сай жазылған көсемсөздік ой-толғамдары, эсселері топтастырылған. Автор, әсіресе, ұрпақтар сабақтастығының алтын соқпағының қадір-қасиетін білу қажеттілігі хақында оқырмандармен ой бөліседі. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Ж.Кенжалин деректі проза саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің бірі. Кезінде оның «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» деп аталатын кітаптарын қалың оқырман қауым жылы қабылдаған болатын.
Тілеужан Сақалов шығармалары
Алматыдағы «Мерей» баспасынан әдебиет зерттеушісі Тілеужан Сақаловтың әр жерде жарияланған шығармалары топтастырылып, кітап болып жарыққа шықты. Ол артына мол мұра қалдырған қарымды қаламгер еді. Кезінде көптеген еңбектері мерзімді басылымдарда жарияланғанымен, толық шығармалар жинағы оқырмандар қолына тимеген болатын.
Бұл жинаққа қаламгердің зерттеу еңбектері мен әдеби дүниелері енгізілді.
Мархабаттың «Күнгей көңілі»
Алматыдағы «Қайнар» баспасынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Күнгей көңіл» атты кітабы жарық көрді. Онда қаламгердің толғамдары топтастырылған. Жинақ «күнгей көңіл», «жомарт жол» және «Шымкент шырыл» атты бөлімдерден құралған.
Г.СЫДЫҚОВА