Қаламы ұшқыр, жақсы жаза білетін жастар өсіп келе жатыр - «Ұлан» газетінің редакторы Е.Жеңісұлы

; АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбына өткен байқау «Ұлан» газетінің бетінде соңғы жылдары өткізілген шаралардың ішіндегі ең ауқымдасы болды. Бұл жайында аталмыш газеттің редакторы Есей Жеңісұлы байқау жеңімпаздарын марапаттау кезінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Газет редакторы алғаш Азат Шәуеев Жеңістің 65 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай байқау өткізсек деген ұсыныс жасағанда қуана қарсы алғандығын айтады. «Өйткені біздің газетіміздің шыға бастағанына 80 жыл толып отыр. Біз көп жағдайда үлкен газеттерді насихаттауға құштармыз және оларды арнайы бұйрықтармен жаздырып жатамыз. Алайда үлкен басылымдарға оқырмандарды осы «Ұлан» газеті дайындайды. Апта сайын әрбір қазақтың үйіне «Ұлан» сияқты газет барып жатқан жоқ», дейді Е.Жеңісұлы.

Сондай-ақ ол бұл байқауға қатысушылардан өте көп хат келгендігін жеткізді. «Бір айта кететін жайт, балалар эссе деген жанырды дұрыс түсінбеген жайы болды, көп жағдайда аталарының қандай соғыста, қай шепте болғандығын, өмірбаянын жазған кездері болды. Дегенімен қаламы ұшқыр, жақсы жаза білетін жастар өсіп келе жатыр. Міне біз солардың ішінен ең үздіктерді анықтауға тырыстық», деді газет редакторы.