«Қаламызға - таза ауа» акциясы оң нәтижесін беруде - А.Рахимбетов

АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласы атмосфералық ауасының ластану индексі 2009 жылға қарағанда 11,7 пайызға төмендеген.

Бұл қала әкімдігінің атмосфераға зиянды заттарды тастатпау тұрғысында атқарылып жатқан шараларының нәтижесі. Бұл жайында бүгін Алматы қаласы табиғи ресурстар мен табиғат пайдаланушыларды бақылау басқармасының басшысы Алтай Рахимбетов 12 қаңтар мен 12 ақпан аралығында қала атмосферасын жақсартуға арналған «Қаламызға - таза ауа» атты айлықтың қорытындысына арналған дөңгелек үстелде мәлім етті.

А.Рахимбетов қаладағы экологиялық ахуалдарды экологтардың күшімен шешу мүмкін еместігін, ол барлық мекемелер мен қоғамдағы халықтың жұмыла жұмыс істеуін қажет ететіндігін атап өтті. Сондықтан бұл акцияға жол полиция сы басқармасы, көлік бақылау инспекторлары, техникалық және метрологиялық бақылау комитеті, қазгидромед және тағы басқа мекемелер қызығушылық танытқан.

«Аталған айлықтың мақсаты - қоғам назарын экологиялық мәселелерді шешуге аударту. Нәтижесінде қолға алынған шара жұртшылықтан қолдауын тауып, текке ұйымдастырылмағандығына көз жеткіздік», -дейді ол.

Сондай-ақ ол Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде кәсіпкерлікті дамытуға үлкен назар аударылып жатқандығын, дегенімен, кәсіпкерлер де өздері тұратын қаласының экологиясына немқұрайлы қарамай, қоғам алдында істеріне жауапты қарау керектігін жеткізді. «Қазіргі уақытта біз сапасы төмен жанар-жағармайды тарату жағдайларымен және де белгіленген ережелерді бұзатын өндіріс орындарын кездестіріп жатамыз. Сондықтан осындай шараны өткізу арқылы қаланың әрбір тұрғынына ой салғымыз келді», -дейді А.Рахимбетов.

Сонымен қатар ол қаланың тазалығын арттыру үшін «Қала тазалығы» акциясы да қатар жүріп жатқандығын айтып өтті. «Оның нәтижесінде қаладағы тазалық ережесін сақтамайтын көптеген тұрғындарымыз тіркеуге алынды. Мәселен, халықтың кейбірі қоқысты арнаулы орынға апармай көшеге тастай салады», -дейді ол.