Қаланы түтін басты: Өскемен тұрғындарының шағымынан соң экологтер тексеру жүргізді

Фото: ШҚО Экология департаментінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM –  ШҚО Экология департаментінің мамандары Өскемендегі ауа сапасына қатысты түсініктеме берді.

24 шілде күні әлеуметтік желіде Өскемен көшелерін түтін тұмшалап алған видео тарады. Халықтың көбі аса сапасына қатысты өз наразылықтарын білдіріп жатты. Осыған байланысты ШҚО бойынша Экология департаменті мен «Өскемен тынысы» экологиялық бюросы бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймақтарында жоспардан тыс мониторинг жүргізді.

Фото: ШҚО Экология департаментінен

- Қазіргі таңда қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Өлшеу жұмыстары сертификатталған құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ауадағы зиянды заттардың рұқсат етілген шектен асу фактісі тіркелген жоқ, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Мамандардың айтуынша, желсіз ауа райы мен төмен температура ластаушы заттардың жерге жақын қабаттарда жиналуына ықпал етіп, көзге тұман немесе түтін түрінде көрінуі мүмкін. Дегенмен барлық көрсеткіш бойынша ауа сапасы белгіленген нормативтерге сәйкес келеді.

- Қазіргі уақытта атмосфералық ауаға мониторинг жалғасып жатыр. Өнеркәсіптік нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, экологиялық мәселелер туралы Телеграм-бот халықтың 22 мың арыз-шағымын қабылдағаны хабарланған.