Қаланың сәулет және құрылыс технологиясына қазіргі заманғы әдістерді пайдалану қажет - Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өткен ғасырдың 50-80 жылдары салынған тұрғын үй қорын толық модернизациялау қажет.

Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін тамыз айының 2-жексенбісінде атап өтілетін Құрылысшы күніне орай өткізілген салтанатты жиында айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай биыл метроның бірінші кезегін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Республика сарайы да күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін өз жұмысын қайта жалғастыратын болады. Қала құрылысы мәселесінде шаһардың тарихи бөлігін барынша сақтап, Ғылым академиясы сияқты көне ғимараттарды қайта жарақтандырған абзал. Қазір 22 білім мен денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ 6 жол айрықтары мен Рысқұлов көшесін 2-ЖЭО-ға дейін, Момышұлы көшесін Шамалған күре жолына дейін жеткізу, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының екінші кезегінің, шаңғымен тұғырдан секіру кешенінің оқу - жаттығу базасының құрылысын аяқтау жоспарлануда»,- деді Ахметжан Смағұлұлы. Алматы сынды аса ірі мегаполисте құрылыс саласының қаншалықты зор мәнге ие екендігін атап көрсеткен қала басшысы сәулет пен құрылыс технологиясында қазіргі заманға сай әдістерді кеңінен пайдалану қажеттігіне ерекше тоқталды. Қала ландшафтарын бұрынғыдан да көркейте түсу үшін сәулетшілер мен мүсіншілерді кіші сәулет түрлерін жетілдіре түсуге шақырды. Сондай-ақ құрылыс компанияларының ерекше көзге түскен қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен марапаттады.