Отырыс барысында жүргізіліп жатқан зерттеулер мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінен.
Жұмыс тобы бірқатар параметр бойынша, атап айтқанда, тұрғын және шаруашылық ғимараттардың ауа атмосферасының газдық құрамдарын, сондай-ақ топырақтың, жер қыртыстарының, су түбі шөгінділерінің, жер үсті суларының және техногендік объектілердің микроэлементтік құрамдарын толық зерттеу жөнінде шешімдер қабылдады.
Естеріңізге салайық, 19 наурызда Қалашы ауылында өткізген көшпелі кеңес отырысы барысында жұмыс тобы алдағы уақытта атқаратын қызметінің басты бағыттарын, ол үшін қажетті мамандар мен құзырлы ұйымдар тізімін анықтаған болатын.
Бұған дейін санитарлық эпидемиялық қызмет пен денсаулық сақтау саласының мамандары адам ағзасына әсер ететін әртүрлі орталардың жалпы саны 7 мыңнан астам зерттеулер өткізді. Зерттеулер нәтижелері бойынша мамандар жергілікті тұрғындар үшін вирусологиялық, бактериологиялық және індеттік қауіптің жоқтығын мәлімдеді.
Жұмысқа атом өнеркәсібі, геология, ғылыми медицина, радиациялық және биохимиялық зерттеулер жүргізетін мамандар тартылды.