Калифорния губернаторы өлім жазасына кесілген 548 адамның үкімін түрме жазасына ауыстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом АҚШ штатында өлім жазасына кесілген барлық 548 қылмыскердің өлім жазасын жеңілдетіп, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Бұл туралы BBC жазды.

Фото: jobsfirst.ca.gov

Шартты-мерзімінен бұрын бостандыққа шығу құқы берілмейді.

Ньюсом өз шешімін түсіндіре отырып, өлім жазасы Калифорнияның құндылықтарына қайшы келетініне және құқықтық жүйенің негізін бұзатынына сенетінін айтты. Ол өлім жазасын қолдану әділ емес екенін және кінәсіз адамдарды соттап жіберу қаупі барын мәлімдеді. Губернатор шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмай өмір бойы бас бостандығынан айыру мемлекет заң мен этикалық қағидаттарға сәйкес тағайындай алатын ең қатал жаза екенін атап өтті. Ньюсом өзінің бұл қадамы кейбір тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін екенін ескеріп, шешім үшін толық жауапкершілікті өзі арқалайтынын да жеткізді.

— Губернатор ретінде мен бұл шешім мен оның салдары үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын, сонымен қатар әр адамның өмірі үшін де толық жауапкершілікті сезінемін. Осы себепті мен ар-ұжданыма сүйенуге және Конституциямыз рұқсат еткендей, Калифорнияның игілігі үшін осы қадамды жасауға міндеттімін, — деді губернатор.

Өлім жазасына кесілгендерді кешіру туралы шешім Калифорнияда символдық сипатқа ие. Өйткені штатта өлім жазасы 2006 жылдан бері орындалмаған әрі өлім жазасы қайта енгізілген 1978 жылдан бері небәрі 13 қылмыскерге шығарылған үкім орындалды. Сонымен қатар Калифорния елдегі өлім жазасына кесілгендер саны ең көп штат болып отыр.

Дегенмен, сарапшылардың бағалауынша, өлім жазасы штатқа жыл сайын сот шығындарынан миллиондаған доллар үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ньюсомның шешімі ол 2028 жылғы президент сайлауына түсуі мүмкін деген хабар тараған тұста қабылданды.

Сонымен қатар федералды деңгейде АҚШ президенті Дональд Трамп өлім жазасын сақтап қалуды жақтап, оны ең ауыр қылмыстардың алдын алу құралы деп атады. Екінші мерзімінің бірінші күнінде ол федералды деңгейде өлім жазасын қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойған.

Айта кету керек, АҚШ-та қылмыстарды қудалау және үкім шығару бойынша әр штаттың өз өкілеттері бар. Death Penalty Information Center ұйымының мәліметі бойынша, бұл жаза 27 штатта рұқсат етілген, ал 23 штат және Колумбия федералды округінде (Вашингтон, D.C.) тағайындалмайды.

Еске салайық, алдыңғы айда Теннесси штатында Криста Пайк өлім жазасын орындау әрекетінен аман қалған еді.